Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттің қандай болуы керектігін айтты
2018 ж. 29 қыркүйек
1784
0
Мемлекет басшысы арнайы кеңес өткізіп, республикалық маңызы бар қалаға айналғандықдықтан, Шымкенттің алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. Елбасы мегалполиске айналған Шымкенттің қандай болуы керектігін айтты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
“Бір миллионнан астам халқы бар еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр және одан да көбі жоспарланған. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет”, – президент.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушылардың назарын Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты жекелеген мәселелерге аударды.
“Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы керек. Қаланы дамытудың жаңа стратегиясы осы өңірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет”, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті қалада шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудың маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, Назарбаев Университетінің және инновациялық технологиялар паркінің үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы мегаполистің туристік әлеуетін өркендету үшін қаланың халықаралық байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды.
“Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуы қажет. Сондықтан шаһар барлық бағыттар бойынша жүйелі дамуы керек. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізген өңіраралық форум сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуге тиіс”, – деді елбасы.
Кеңес барысында «ақылды технологияны» пайдалана отырып, қаланы концептуалды түрде дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
“Сәулет және қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды. Сонымен қатар, ескі қаладағы тозығы жеткен көне үйлерді бұзып, босатылған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт аландарын, көп қабатты үйлер, бизнес орталықтарын салу қажет”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында мемлекет басшысы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына, соның ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мәселелеріне тоқталды. Қазақстан президенті бұл үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін пайдалануды және «7-20-25» бағдарламасы бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.