Сағынтаев Атырау ІІД бастығына: "Сіз адам өміріне қызық қарайсыз"
2018 ж. 25 қыркүйек
5732
0
Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Атырау облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсенбаевқа адам өміріне немқұрайлы қарамауды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында Үкімет басшысы 2018 жылдың сегіз айында Атырау облысында аса ауыр қылмыстар - 44, адам өлтіру - 6,7, тонау - 42,9, зорлық жасау - 6,1 және жол-көлік оқиғаларында мерт болғандар саны 43 пайызға артқанын айтты. Сонымен қатар Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Аян Дүйсенбаевтың есебін тыңдаған болатын. Оның айтуынша, Атырау облысында аса ауыр қылмыстар тек қана 1, 2 және 3 бірлікке ғана өскен. Дегенмен, пайызға шаққанда көп болып көрініп тұр. Мәселен, былтыр 25 адам өлімі, биыл 26 адам өлімі тіркелген.
«Облыс орталығында қылмыстың артуына себеп халық санының өсуі болып отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда Атырау қаласының халық саны 100 мың адамға көбейген... Жол-көлік оқиғаларының өсуіне қатысты айтар болсам, Атырауда соңғы 5 жылда көлік саны 96 мыңнан 150 мыңға дейін өсті», - деді ол.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев бос тұрған 10 пайыз вакансия қысқартылып, үнемделген қаражат жалақыны көтеруге жұмсалатындығын атап өтті.
«Ал, сіз кадр жетпейді дейсіз. Вакансияны қысқартса қалай жұмыс істейсіз?», - деп сұрады Премьер-Министр департамент басшысынан.
«Қысқарса, қызметкерлеріміздің жалақысы көбейеді ғой. Жүктеме нормасы шамалы өсетін болар. Істейміз, шамамыз бар, қадағалаймыз. Министрден қандай шешім болады, қолдаймыз», - деп жауап берді ол.
«Министрдің шешімі қандай болады, дұрыс әскери қызметші ғой. Ақша берсе қылмысты тоқтатамыз. Ал айлық бермесе, айлықты көбейтпесе қылмыспен күреспейміз. Сіздің жауабыңыз тура солай болды. Сіз адам өміріне қызық қарайсыз. Былтыр 25 адам, биыл 26 адам өлген дейсіз. Бір адам болса да ол адамның өмірі, жеңілдікпен қарауға болмайды», - деп ескертті Бақытжан Сағынтаев Аян Дүйсенбаевқа.