Қазақстанда келесі жылы ұшақ билеттері арзандауы мүмкін
2018 ж. 25 қыркүйек
3008
0
2019 жылы ұшақ билетінің бағасы қазақстандықтар үшін қолжетімді болады деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлімдеді.
Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.
Мәжілісте «Қазақстанның туристік саласын дамыту туралы» үкімет сағатында депутат Шавкат Өтемісов әуе және теміржол билеттерінің бағасы қазақстандықтар үшін қашан қолжетімді болатынын сұрады.
«Әуе және теміржол билеттерінің бағасы туризмді дамытуға кедергі келтіріп отырған елеулі проблемалар қатарына жатады. Мысалы, Ресей туристері Мәскеуден Астанаға келу үшін 20 мың рубль жұмсаса, ал Амстердамнан Мәскеуге дейінгі билеттің құны 12-13 мың рубль ғана. Қазақстанның ішкі рейстерінің бағасы да өте қымбат.
Қазақстандықтардың көбісінің қалтасы көтермейді. Мәселен, Астанадан Алматыға ұшу үшін 20-82 мың теңге қажет. 20 мың теңге деп отырғанымыз, ол үш ай бұрын алынатын және қайтаруға жатпайтын билет. Әрине, мұндай жағдайда отбасылық туризмді дамыту өте қиын шаруа болып отыр.
Әуе билеттеріне қолжетімді баға қалыптастыру және ішкі қатынас маршруттарын құру мәселесі қалай шешіледі?» — деп сұрады мәжілісмен инвестициялар және даму вице-министрлігінің өкілінен.
Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев энергетика министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бізде балалар, зейнеткерлер, мүгедектер мен жастарға жеңілдік қарастыратын жолаушыларды тасымалдау ережелері бекітілген. Олар қазір қолданыста. Дегенмен де ұшақ билетінің бағасы біз қалаған қарқынмен төмендеген жоқ.
Қазіргі таңда энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Энергетика министрлігі ұшақ паркін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуде. Келесі жылы әуе кемелерін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр», — деді ол.
Тоқтабаевтың айтуынша, елімізде тұрақты рейстер саны да өсіп жатыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 15 процентті құраған.
«Мұның бәрі бағаның төмендеуіне септігін тигізеді… Жалпы экономикалық ахуал мен авиаотын бағасын ескерсек, келесі жылы қазақстандықтар үшін баға қолжетімді болады деп ойлаймын», — деп түйді сөзін ол.