Мәдениет министрі шетелдік киноларды қазақшаға аударудың үш нұсқасын ұсынды
2018 ж. 19 қыркүйек
2617
0
Кинематография туралы жаңа заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне айрықша мән берілді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет «Кинематография туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл кинематографияның дербес тынысын ашатын мәдениет саласындағы алғашқы заң. Заңның қабылдануы Қазақстан кинематография тарихындағы маңызды оқиға болады деп сенемін», - тоқталды министр.
А. Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.
«Бүгінгі күні қолданыстағы «Мәдениет туралы» Заңның фильмдерді қазақ тіліне міндетті түрде дубляждауға қатысты бабы декларативті болып табылатыны белгілі. Елге 300-ге жуық шетелдік фильмдер әкелінеді және олардың барлығының прокаты қазақ тіліндегі нұсқасыз жасалады. Ол көптеген себептерге байланысты. Егер халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Қытайда, АҚШ-та барлық фильмдерді түпнұсқа тілінен аудиторияның тіліне субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті шарт болып табылады. Сондықтан біз қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсындық - бұл дубляж, не субтитрлеу, не фильмдерді кадрдан тыс аударма жасау. Бұл жалға беру тілі бойынша нормаларды толыққанды іске асыруға мүмкіндік беретін ең қолайлы және тиімді тетіктердің бірі деп санаймыз», - деді ведомство басшысы.