«БІЗДЕРДЕ МЫНАДАЙ БАР, МЫНАДАЙ БАР!..»
2018 ж. 07 қыркүйек
5516
2
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жұмыс сапарымен болды. Қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасына көктемнен бері шаһардағы инфрақұрылымды қайта жаңғырту жұмыстары жасалған жүргіншілер мен велосипедшілер үшін ыңғайланған Абай және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдарын аралап көрсетті.
Президентке жалпы ұзындығы 8,7 шақырымға созылған қоғамдық көліктердің жылдам қозғалу желісі де таныстырылды. Алғаш болып Алматыда қолға алынған бұл жоба «Орбита» ықшам ауданы мен Ахмет Байтұрсынұлы көшелерінің арасын жалғайды. Енді қаланың бас жоспарын бір жерден реттеп отыратын орталық жұмыс жасамақ.
– Канада, Австралия, Мексика сияқты дамыған елдерде урбанизация 80 пайызға жеткен. Біздің елде ол 57 пайызға жетті. Ауыл халқы ірі қалаларға әлі де келеді. Сондықтан, осыған дайын болуымыз керек. Алматы, Астана және Шымкент сияқты қалалардың ішінде орын жоқ. Сондықтан сыртқы жағын дамытуға мән берген дұрыс. Көлік, жаяу жүргіншілер жолынан бөлек, үй салуға жерлер берілуі тиіс, – деді Елбасы қала басшысына.
Мемлекет басшысы келгенде біздің аймақ және қала басшыларының қимылына қарап қазақтың ардақты ақыны Сұлтанмахұт Торайғыровтың «Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..» – деген өлеңі еске түседі. «Жақсыны көрмекке» дегенімізбен, таздың төбесіндей жалтыратып қойған жолдар мен арнайы әдемілеп безендірілген көшелерді аралатқанша, құрылысы бітпей жатқан «сақалды» нысандарды көрсетіп, түйіні тарқамай жатқан күрделі мәселерді неге айтпайды біздің әкімдер? Мысалы, осы Алматы қаласындағы Алатау ауданында «Ұлжан», «Дархан» секілді ықшамаудандарда су және кәріз жүйелерін жүргізу жұмыстары былтыр жыл аяғында бітуге тиісті еді. Жұмысты соңына жеткізбеген әкімдік ол туралы ұмытып кеткенге ұқсайды. Жоқ ондай кемшіліктерді Елбасына көрсетпейді. Өйткені, лауазымынан айырылып қалам ба деп қорқады. Соған қарағанда біздің әкімдер мен министрлер халыққа қызмет ету емес, өз бас пайдасы үшін мемлекеттік қызметке баратыны көрініп тұр. Президентіміз кемшін тұстарды көріп қатаң ескерту жасаса, жалпақтаған әкімдердің қимылы ширап, ортақ іс те алға жылжитын еді ғой.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz