Назарбаев Алматыға көшіп келетіндерге жер бөлуге тапсырма берді
2018 ж. 05 қыркүйек
7966
1
Елбасы бүгін Алматыға келіп, қаланың бас жоспарымен танысты. Қала көшелерін аралап, жүрдек автобустарға арналған жолақтар мен жаяу жүргіншілер жолы таныстырылды, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Елбасыға алдымен Абай мен Назарбаев, Тимирязев пен Жандосов көшелері таныстырылды. Тимирязев пен Жандосов көшелерінде жаяу жүргіншілер мен веложолақтар салынып, жол тегістелген. Автобустарға арналған жолақ пайда болған.
Назарбаев бірқатар өндіріс нысандарына бас сұғып, қызметін көрді. Осы орайда жапон-қазақ бірлескен зауытының жұмысымен танысты. Зауыт таулардың беткейлерін нығайтатын, арналар мен бөгеттерді қалпына келтіретін өнімдер шығарады.
Елбасы қаладағы электроавтобустарға отырып көрді. Қаланың бас жоспарымен танысқан мемлекет басшысы қала әкімі Бауыржан Байбекке тапсырмалар берді.
“Біз қаласақ та, қаламасақ та Алматыға келіп-кететіндер көп болады. Мұндай халық нөпірінің жүріп-тұруына жағдай жасалуы қажет. Қаланың ішінде жер жоқ. Мұнда көшіп келетіндерге үй салуы үшін мүмкіншілік жасау керек. Қаланың бас жоспарын жасағанда көлік, көше, жолаушылар жолағына дейін қарастыруды ұмытпаған жөн”, дейді елбасы.