ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ БЕТІ БЕРІ ҚАРАДЫ
2018 ж. 28 тамыз
5026
0
Таяуда Дүниежүзілік Қазақ қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар одағы және де басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері Қытай Халық республикасына, атап айтқанда, Бейжің, Үрімші, Ухан, Құлжа қалаларына сапар шегіп, Қытай елінде түрлі қысымға ұшыраған қандастарымыздың мәселесі бойынша сондағы құзырлы мекемелердің басшыларымен кездесулер өткізіп қайтты.
Сол делегация құрамындағы республикалық «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омәрәлі Әділбек, «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалы, Дүниежүзілік Қазақ қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхан Мамытхан осы іс-сапар қорытындысы негізінде «Қазақстан» баспасөз клубында мәслихат өткізіп, бұқаралық ақпарат құралы өкілдеріне жалпы жағдайды баяндап, тілшілердің сұрақтарына жауап қайтарды.
Оқырман назарына жиында айтылған кейбір пікірлер ұсынылып отыр.
Расул Жұмалы, «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі, саясаттанушы:
– Бертінгі бір жарым-екі жыл айналасында көршілес Қытай елі билігінің біздің сондағы қандастарымызды жан-жақтан қысымға алып, зәбір көрсеткені жан ауыртқаны жасырын емес. Әсіресе, сол мемлекеттен келіп Қазақ елінде оқып жүрген студенттерге, сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерге қатысты ауыр шектеулер қойылып қысым көрсетілуде. Мұнымен бірге сондағы бауырларымызды «саяси тәрбие орталықтары» деп аталатын лагерьлерге қамау оқиғалары жалғасуда. Қазақстан азаматтығын алған осындағы зейнеткерлерге зейнетақылары берілмей, сонда каникулға барған қазақ студенттерінің құжаттары қайтарылмай, әуреге салу жағдайлары жиіледі. Көптеген отбасылар шекараның екі жағында қалып, азапқа түсті. Осының бәрі, сайып келгенде, үлкен тауқымет екені түсінікті. Бұған біздің қоғамымыз бей-жай қарап отыра алмайды. Және осынау келеңсіздіктің бәрі Қытай мемлекетінің де ішкі заңдарына қайшы, Конституциясына қиғаш, Халықаралық нормаларды бұзады.
Міне, біздің сапарымыз осы түйткілдерді шешуге бағытталды. Аталған жайсыз ахуал екі елдің жиырма жеті жыл арасындағы қалыптасқан саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық, энергетикалық, т.б. салаларға айтарлықтай залалын тигізетіні даусыз.
Біз Бейжіңнен бастап бірнеше қалада жоғары санатты ұйымдар мен партия жетекшілерімен, Қытай Сыртқы Істер министрлігі, Ұлттар ісі жөніндегі министрлік, Әлеуметтік істер жөніндегі министрлік басшыларымен кездесулер өткіздік. Олардың алдына нақты талаптарымызды қойып, ренішімізді айттық. Қамауға түсіп, зардап шеккен адамдардың тізімі ұсынылды. Қытай елшілігі, Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілдері жағдайды түсіністікпен қабылдады. Жалпы, Қытай жағы да келеңсіздікті жоюға мүдделі. Дегенмен, «қателік болды, асыра сілтеу кездесті, тырысамыз» деген сарындағы уәде көп. Шешуін күткен мәселе әлі де баршылық. Бұл іске енді өзіміздің құзырлы органдарымыз, Қазақстан Халқы ассамблеясы, депутаттарымыз да белсенді түрде араласады деген ойдамыз.
Рахым Айыпұлы, Дүниежүзі Қазақ қауымдастығының бас хатшысы:
– Иә, барлық мәселе бірден ойдағыдай шешіле кетеді деу қиын. Жағдай әлі де болса ауыр. Ең бастысы – Қытай елі тарапының құзырлы ұйымдары жіберілген кемшілікті ашық мойындап отыр. Сең қозғалды. Алда осы жағдайға қатысты әлі де талай кездесулер болатыны анық. Қытайға барып мұнда қайта алмай қалған біреудің отағасы немесе отанасы, баласы дегендей екі жақта қалып қойып, қасырет шеккен бауырларымыздың жайы туралы Бейжіңдегі билік өкілдері: «бұл атқарушы органдардың кінәсі. Алдағы уақытта қателік жөнделеді, іс шешімін табады» деп сендірді. Ақырын күтеміз.
Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы:
– Жалпы, екі аралықтағы келеңсіз ахуал қалыптасқалы іске Қытай мемлекеті тарапынан нақты баға берілмеген еді. Біз бұл жолы онда аттанарда барлық жағдайды мұқият зерттеп, нақты дәлел-дәйекті жинастырып, ресми орындардың алдына қоюды, Халықаралық Дипломатия негізінде Қытай билігіне Қазақ еліндегі наразылықты жеткізуді діттедік. Делегацияның алдына қойған осынау негізгі мақсаты жүзеге асты деп ойлаймыз. Қытай Коммунистік партиясы жетекшілері мен ел идеологиясын басқарушы тетіктердің, ұлттық комитеттердегі департамент басшыларымен және салалық министрлік өкілдерімен кездесулер сәтті болды деуге негіз мол.
Әлбетте, Қытай тарапының аталған ахуалға «бұл – Қытайдың ішкі мәселесі» деп баға беруге тырысатыны да түсінікті. Бірақ Қытай мемлекетінің адам құқына байланысты, осы елдегі ұлттардың наным-сеніміне қатысты түрлі Халықаралық қауымдастық алдында өз міндеттемелері бар. Олар, қалайда, орындалуы шарт. Біз, мүмкіндігінше, елдегі жауапты ведомстволарға осы жәйтті де ескерттік.
Жалпы, кезекті іс-сапарымыз кейінгі жылдар ішіндегі жемісті шара болды деп санаймыз.
***
Бір атап айтарлығы, аталған іссапарды ұйымдастырған Қытай Халық Республикасы Сыртқы Істер министрлігі мен ҚХР-ның Қазақстандағы Елшілігі және оның Алматыдағы Бас консулдығы.
qazaquni.kz