Иманғали Тасмағамбетов үлкен лауазымға тағайындалуы мүмкін - сарапшы
2018 ж. 27 тамыз
18256
0
Сарапшы Ербол Еділов өзінің YEDILOV ONLINE телеграм-арнасында Қазақстан билігіндегі ауыс-түйістерге болжам жасады, - деп жазды qamshy.kz.
«Кей дереккөздердің ақпараттарына сенсек, жуық арада жоғарғы билік эшелондарында үлкен ауыс-түйістер орын алмақ. Бұл жолы Астананың сол жағалауындағы маңызды тұлғалар орнына қозғалайын деп тұр. Өзгерістер үкіметте ғана емес, президент әкімшілігі, қауіпсіздік кеңесі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сонымен қатар әкімдер корпусына да қатысты», - деп жазды Еділов.
Бұған қоса сарапшы кім келіп, кім кететінін де болжап көрді.
«Елдің батыс өңірінде транспорттық әлеуетін арттыру үшін аймақтың басшысы ретінде бүгінгі инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекті жіберуі мүмкін. Сонымен қатар инвестиция және даму министрлігін көлік және өнеркәсіп министрлігіне бөлуге тура келеді.
Елбасының Атыраудағы полиция жөнінде айтқанынан ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов лауазымынан босатылады. Бұл лауазымда министр 7 жыл 4 ай отыр.
Қаржы министрлігі де үлкен өзгерістерге тап болуы мүмкін. Министр Бақыт Сұлтанов қызметінен босатылады.
Дереккөздерге сүйенсек, жуырда ғана Астанаға келіп кеткен Иманғали Тасмағамбетов елге қайтып, үлкен лауазымға тағайындалуы әбден мүмкін. Экс-премьер-министр Серік Ахметовке квази мемлекеттік сектордан бір орын бұйырады», - деп жазды ол.