ДЕПУТАТТАР - ЕЛ АРАСЫНДА
2018 ж. 25 тамыз
3015
0
Республикалық Қоғамдық Кеңестің мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Жамбыл Ахметбеков жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Мәжілісмендер ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасының орындалу барсымен танысты. Олар Осакаров ауданындағы наубайханада болды. Сапар барысында құрышты қала Теміртаудағы тігін фабрикасы мен Қарағандыдағы салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Елбасы ұсынған жаңа ауқымды әлеуметтік жобалар әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған. Олар жер-жерлерде қалай жүзеге асуда? Осы сұраққа жауап іздеген төменгі палата өкілдері, республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асырылуын бақылау үшін арнайы Қарағанды облысына келген. Оларды толғандырған тағы бір өзекті мәселе, бизнес өкілдерінің шағын несиемен қамтамасыз етілуі болды.Бизнесті қолдау үшін биылғы жылы мемлекет қосымша 20 млрд теңге бөлгенін де айтуымыз қажет. Оның жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу көзделген.
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасы, республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:
-Біз кәсіпкерлерді оқытамыз. Олардың қоғамға әкелер пайдасын да көруіміз қажет. Оларға жағдай жасап, бизнестерін жүргізуге мүмкіндік беру керек. Міне, біз Осакаров ауданындағы проблемалық мәселенің куәсі болдық. Бөлінген қаржы кәсіпкерлерге жетпеген. Бұл өзекті мәселе.
Республикалық қоғамдық кеңес мүшелері, халық қалаулылары Азат Перуашев пен Жамбыл Ахметбековтер «7-20-25» қолжетімді баспана мәселесімен жіті танысты.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:
-Қарағанды облысы бойынша үй алу кезегінде бүгінде 13 мың адам тұр. Салынып жатқан «Ұлытау» тұрғын-үй кешені 3 мың 444 адамды ғана баспанамен қамтиды. Құрылыс аяқталуға жақын. Тапсыру мерзімі осы жылдың желтоқсан айына белгіленген.
Дәл осы күні «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы ғимаратында кенейтілген мәжіліс жиыны өтті. Оған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жетекшілері филиал төрағасының бірінші орынбасарлары мен депутаттар, кәсіпкерлер жұмыс пен қамту орталығының жетекшілері қатысты.
Сейітқали ӘШІМ
kartv.kz