ШЕТЕЛДІК 88 ТЕЛЕАРНА ХАБАР ТАРАТУЫН ТОҚТАТТЫ

Бірқатар шетелдік телеарналардың тіркелгені туралы куәліктері қайтарылып, Қазақстан Республикасының аумағында хабар таратулары тоқтатылды, - деп хабарлайды Ақпарат және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

«Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (42-бап) 2017 жылы енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында хабар таратын барлық шетелдік теле және радиоарналар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде ҚР аумағында заңды тұлғаны тіркеуге немесе өкілдігінің (филиалының) тіркеуге міндетті.

Аталған Заң өз күшіне 2018 жылдың 9 қаңтарында енгендіктен шетелдік теле, радиоарналар алты ай ішінде ҚР аумағында заңды тұлғаны немесе өкілдігін (филиалын) ағымдағы жылдың 9 –шілдесіне дейн тіркеуге міндетті болған.

Белгіленген кезең аяқталғаннан кейін, Министрлік «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңның 42-бабы 9-1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаны немесе өкілдігін (филиалын) тіркемеген, барлық шетелдік теле және радиоарналардың тіркелгені туралы куәліктерін қайтару туралы шешім шығарды. Бұл өз кезегінде аталған теле және радиоарналардың Қазақстан Республикасының аумағында хабар тарату құқықтарын жояды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 307 шетелдік теле және радиоарналар тіркелген, олардың 219-ы өз өкілдіктерін ашты, ал 88-і ашпаған.

2018 жылдың басынан бастап Министрлік өз өкілдіктерін ашпаған, шетелдік теле және радиоарналардың иелерімен өз қызметін Қазақстан заңнамасы талаптарына сәйкестендіру қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.

Қазақстан аумағында хабар таратуын жалғастыруға қызығушылық танытатын шетелдік теле және радиоарналар өз өкілдіктерін ашып, қайтадан тіркеуге тұруы қажет.