Қарағандыда сусыз отырған отбасылар биліктің мазағынан шаршадық деп отыр
2018 ж. 08 тамыз
2444
0
Қарағандыда 20 жылдан астам ауыз сусыз отырған 120-ға тарта отбасы жергілікті биліктің мазағынан шаршадық деп отыр. Ширек ғасырда есін жиған шенеуніктер былтыр осы баспаналарға бюджеттің 183 миллион теңгесін бөліп, жаңа құбыр салып берген. Бірақ содан бері жыл өтсе де жұрт тамшы су көрмедік деп ашынады. Ал атқамінерлер құбырды салуын салғанымен, оған қызмет көрсететін компания іздеп сабылып жүріп қалғандарын алға тартып ақталды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Қала іргесіндегі 4 көшенің тұрғындары жаңбыр жауса балаша қуанады. Өйткені бір тамшы тіршілік нәріне зәру жұрт кір қоңымызды осылай жуып аламыз дейді. Сондықтан күн бұлттанса болды бос ыдыстарын жауын суына толтырып алуға асығады екен.
Айман Дегенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Шелегімізді қолымызға алып, әлгі африканың халқы құсап жаңбырдың суын жинаймыз. Енді не істейміз, тасып ішеміз. Бөлінген ақшаны іске асырдық, игердік деп есеп беріп жатады. Осынша ақша халыққа су беруге игерілді дегенімен, оның мына халық игілігін көріп отырған жоқ қой. Үйімізде су болса осыншама халық жиналамыз ба?
Осы аумақты жұрттың көбі ауыз суды сырттан тасып ішеді. Шамасы келмегендері жақын маңдағы құдығы бар үйлерді жағалап кетеді екен. Бірақ, жер астынан шығып жатқан тіршілік нәрін тұтынуға тазалық дәрігерлері тиым салған.
Мейрамгүл Тойғанбаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Сонда санепидемстанцияны шақыртқамыз. Оны ішуге болмайды деген. Ал соны бізге ішкізіп отыр. Сонда олардың жоғарғы жаққа үкімі жүрмей ма? Сонда керек қылмай отыр да, қара халықты керек қылмай отыр. Үш балам пелонефрит, өз тісім де түгел быт шыт болды.
20 жылдан аса ауыз судың азабын тартқан елдің зары биліктің құлағына 3 жыл бұрын ақыры жеткен. 40 шықырым жердегі орталық магистральге құбыр тартудың құрлысы 2016 жылы басталып, былтыр аяқталыпты. Бірақ бөрігін аспанға атқан елдің күткені болмады. Арада жыл өтсе де, 183 миллион теңгелік жаңа құбырдан тамшы да тамбапты. Биліктегілер құбырды алғашында Теміртауға су беретін «Оқжетпес» ЖШС алуы керек болатын дейді.
Нұрлан Әбжанов, Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:
-Оқжетпес компаниясы құбыр Теміртаудан алыс орналасқанын айтып, оны балансқа алудан бас тартты. Содан соң, біз құбырды «Қарағанды су» компаниясына ұсындық. Олар техникалық құжаттар мен құбырдың орналасуынан олқылықтарын анықтады. Сол кем кетіктерді түзеп, техникалық құжатарды реттегенше біраз уақыт өткізіп алдық.
Сыныққа сан сылтау табатын билік өкілдері құбырды іске қосуда кешеуілдеп қалғандарын жасырмайды. Қомақты қаражатты жерге көмбей тұрып құбырға қызмет көрсететін компания таппағандарын да түсіндіре алған жоқ.
-Шенеуніктер құбырды айдың аяғына дейін «Қарағанды Судың» балансына береміз деп отыр. Одан кейін жылжымайтын мүлікті әділет басқармасына тіркеуге қоятыны тағы бар екен. Айтуыларынша, сонымен іс бітеді. Осылайша күздің басында, қала іргесінде қаталаған 600-ден аса адам қара суды қасықтап ішуін қояды деп отыр.