Арақ ішіп ардан безген қазағым-ай....

  Бүгінгі күні, адам баласының бойындағы ең жаман қасиет­тердің бірі, ішкілікке салынып кетуі. Ішкілікке салынған адамда ешқандай абырой, адамгершілік қасиеттердің болмайтыны айтпаса да түсінікті. Әлгі жындандыратын суды ішіп алғаннан кейін, есінен айырылып өзі ғана емес әке-шеше, әйел, бала шаға, ағайын туысына да маза бермей, әбден тоздырады. Әрине, мұндай жағдайда жұмысынан айырылып, қолына түскен 5-10 теңгесін араққа жұпсап, тек арақты ғана қажет етіп тұратыны шындық. Тіпті өмірге деген көзқарас, отбасына деген қамқорлық бәрі-бәрі қызықтырмайтындай деңгейге жетеді. Солай жүріп, бір күндері шаңырағы шайқалып, бала-шағасынан айырылып жалғыз, көшеде қалады. Ақыл-есінен айырылғаннан кейін, өз-өзіне қарауды қойып, кез-келген жерде домалап, аунап жататыны сөзсіз. Мұндай жағдайларды күнделікті көзімізбен көріп-ақ жүрміз. вод Арақ адамның өміріне, оның қалыпты өмір сүруіне өте зиян екені әлімсақтан белгілі. Осы ащы судың арқасында қаншама жандар көз жұмып, өмірлерімен қош айтысты. Тіпті, адам маскүнемдік әсерінен қылмыс жасап сотталып түрменің түбінде шіріп жатқандары аз емес. Соған қарамастан, оның қандай залалды екенін біле тұра не себептен оған құштар болатындығын түсіне алмай дал боласың. Әрбір отау шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің шаңырағын шайқалтатын басты себептердің бірі – арақ. Яғни, осы арақтың кесірінен қаншама сәби ата-анасыз жетімханада, тірі жетімнің күйін кешуде. Ішімдікке салыну айықпас дерттердің бірі десем қателеспеймін. Тіпті алғашқы кездері аз мөлшерде ішкеннің өзінде де, созылмалы алкоголизмге душар етіп, ішпесе тұра алмайтын дертке шалдықтыруы әбден мүмкін. Ауру бірте-бірте өршіп, соңында ажал құшады. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп, әйтеуір ішуді мақсат етуден, соны үйреншікті әдетке айналдырудан басталады. Алғашқыда қызығушылықпен, бір рет қана ішіп көреміз деген оймен ішуі де мүмкін. Бірақ, артынан, организм спиртті ішімдікке дағдыланып, ішпесе тұра алмайтындай жағдайға тап болады. Неге десеңіз, алғашқы ішіп жүрген мөлшері ешқандай әсер етпейді, содан көп мөлшерде іше бастайды, ол да әсер етпегеннен кейін әбден мас болғанша ішуді ойлайды. Байқап қарасаңыз, мас адам қызба, ашушаң, кінәшіл, тым батыл әрі айқай-шу шығарғысы келіп тұратыны анық. Ішкілікке бойы үйренген адамда тоқтау болмайды, ішкен сайын құмартып, ішкен үстіне ішкісі келіп тұрады. Ата-анасы, әйелі, бауырлары ақылдарын айтып, көнбесе ұрысып тастағанымен ішкілікке салынған адам әйтеуір бір сылтау тауып ішуді көздейді, өзінде болмаса, кім көрінгеннен сұрап ішуге дейін барады. Өйткені, қандай жағдайда болмасын, бастысы арақ ішу керек. Мұндай адамның мінез-құлқы күннен-күнге өзгереді, ол дөрекі, алдамшы бола бастайды. Бір бірте ақыл айтып, ішпе деген сөздерді естісе жынданып, әке-шешесін жау санайтындарда аз емес. Соның салдарынан көп жағдайда әкесін, бауырын, достарын өлтіріп жатқандар да кездесіп жатады. Арақтың зиянын біле тұра одан бас тарта алмай дәніге ішушілік молайып бара жатыр. Жалпы, ішкіліктің өз өміріне зиян екенін, адам болудан қалып бара жатқанын біле тұра не себептен құмартатынын кім білсін? Ең сорақысы, ішкілікке салынған адамнан туылған баланың өміріне зиянды екендігі де дәлелденген: маскүнемнің балалары көп жағдайда ауру, кеміс, ақыл-есі дұрыс емес болып туылады екен. Бір құлқынның қамын ойлап, болашақ ұрпағаның өміріне балта шапқанын қалай түсінуге болады. Ішімдікке әуестеніп бой алдыру бес-жеті жылға созылатын көрінеді. Аталмыш дертке шалдығудың екінші сатысы — бас жазу. Яғни, алкоголизм өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі: мастығы тарқағанда қолы қалтырап, қайтадан ішкісі келіп, ұйқысы қашып, өз-өзінен үрейленіп, мазасы кетеді. Сондықтан да, қайтадан басын жазғаннан кейін мұндай белгілері басылып, жадырағандай болады. Маскүнемдер бірнеше айлап, тіпті жылдап күн сайын ішіп, мас болады, ертеңіне міндетті түрде басын жазады. Осылай, бірте-бірте мұндай жағдай жиілей түсіп, арақтың соңында кетеді. Сонымен қатар, бүгінде кез келген мереке, той-думанды ішімдіксіз елестету мүмкін емес. Жас-кәрісі, үлкен-кішісі де отырыстың сәні бөтелкедегі шараптарда деп ойлайтындар баршылық. Үйге келген қонақты арақсыз қарсы алмайтындай деңгейге жеттік. Дастарқанға арақ қою үрдіске айналды. Бұрындары ата-бабаларымыз қонақ келсе, қой сойып, ет асып қарсы алған емес пе? Ал, бүгіндері керісінше, қой соймағанға емес, арақ бермегенге өкпе айтатын болдық. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, осы бір ділімізге де, дінімізге де жат қылық қасымыздан қалмай, етегімізге жармасып-ақ келеді. Ең қиыны, мектеп жасындағы балалардың өзі достарының арасында, мерекелік кештерде сыралатып қызықты етіп өткізуге барын салатыны. Ал мұндай сыралатудың соңы көбіне қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын өздеріңізде жақсы білесіздер. Ішімдікке мас болған жасөспірім балалар түрлі бұзақылықтарға, адам өлтіруге дейін барады. Мысалы, Қызылорда облысында мектеп жасындағы екі бала қызық көріп, тойғанша әбден ішкен. Соңында бірінің айтқанын бірі тыңдамай көздері ештеңені көрмей, бірін-біріне аяусыз пышақ тығып, екеуі де өмірлерімен қоштасқан. Мұндай жағдайлардың күнделікті қаншамасы орын алып жатыр. Әрине бұл айтып отырғанымыздың бәрі де спиртті ішімдіктерден келетін залалдың бір тұс ғана. Өйткені, спиртті ішімдікті көп тұтынған адам оған тәуелді бола бастайды. Тәуелділіктің соңы маскүнемдікке, ішкілікке жеткізеді. Сондықтан да, жоғарыда отырған азаматтар осының бір амалын табу керек. Жалпы, заң бойынша спирттік ішімдіктерді жасөспірімдерге сатуға, қоғамдық орындарда ішуге тыйым салынған. Алайда бұл заң толығымен орын­­далып жатыр деп айта алмаймыз. Оның орындалуын жіті қадағалап отырған тиісті орындар да жоқ. Пайданы көздегендер мүмкіндігінше заңды айналып өтуге дайын тұрады. Сондықтан алкогольдік өнімдерді арнайы арақ-шарап дүкендерінде ғана сатуға рұқсат беріп, оларды видеоқондырғылар арқылы бақылап отырса, атаулы мәселе шешілер ме еді?! Еш болмаса сатылымын азайтып, бүгінгідей қолжетімді етпеудің амалын қарастырған жөн. Дәл қазіргі таңда, бізде керісінше ішімдік сатылмайтын дүкен кездестіре алмайсың. Мәселен, кешкілік уақытта яғни 9-10-ның шамасында жұмыстан қайтып келе жатып, дүкенге кіріп нан ала қояйын десең, нан таппайсың. Бірақ, дүкенде арақтың болмай, таусылып қалған кездері болған емес. Түннің бір уағында барсаңда, алдыңа түр-түрімен жылтыратып ұсынып тұрады. Тіпті, дүкен сөрелерінде ішімдік пен нанымыз қатар тұра береді. Маскүнем бар бақытын, бар байлығын бір саптыаяқ арақпен ғана өлшейді. Олай дейтінім, ата-ана, жан жары, дос-жаран, бала-шағаның бәрін де өмірлерінен сызып тастайды. Осыдан келе-келе ол қоғамнан да алыстайды. Ал ішімдіктің соңына түсіп маскүнемге айналған адамның денсаулығы түрлі ауруларды өте жылдам қабылдайды екен. Тек толығымен маскүнемге айналғандар ғана емес спиртті ішімдікті жиі пайдаланатын кез келген адамның денсаулығында психологиялық ауытқулар, тез әлсіреу, ұмытшақтық, ашушаңдық сияқты ауру түрлері кездесе бастайды. Оның ең алдымен жүйке жүйесі зақымдана (психоз) бастайды. Ал жүйке жүйесі зақымданған адамдардың құлағына түрлі дауыстар естіліп, көздеріне қорқынышты елес­тер көріне бастайды. Көпшілігі ақыл-естен айрылып ұмытшақтыққа бой алдырады. Өз еркіне бағына алмай, араққа тәуелді болады. Бір сөзбен айтқанда, ақыл-есінен айрылады. Сондай-ақ ғалым­дардың зерттеулеріне сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсаушылардың жетпіс пайызы спиртті ішімдікті шамадан тыс көп ішудің арасында кездесетінін айтып отыр. Соңғы жылдары жастар арасында белсіздік пен бедеулік кең етек алып барады. Бұл да ішімдікті шамадан тыс көп қолданудың кесірінен келетін кеселдер. Сондықтан да, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, бойын жаман әдеттерден аулақ ұстатып, барынша жақсы тәрбие беруге барымызды салуымыз керек. Тәрбие басы бесіктен басталады демекші, әрбір ата-ана өзі де үлгі бола білсе, сол тәрбиені көрген бала жамандыққа бара қоймайды. Жалпы, арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп көрудің өзі қиын. Араққа үйір адамның отбасы бақытсыз, қызметте абыройсыз, ағайынға, көрші-қолаңға беделсіз, жеккөрінішті болатыны белгілі. Түптеп келгенде, арақ-шарапты салынып ішкен адамның бүйрегі мен бауыры, жүрегі мен нерв жүйесі алуан түрлі қатерлі ауруларға шалдығады. Ол көрсеқызар болады, мәдениеттен жұрдай, дөрекілік көрсетеді. Көрсеқызарлықтың, нәпсі құмарлықтың салдарынан маскүнемдер жыныс ауруларына жиі душар болады. Алкоголь «нерв уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, сонан соң орталық нерв жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Үнемі ішкілікке салынған адамның спермотозоидтары (ұрық клеткалары) азайып, олардың тұлғасы (формасы) өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісікті сырқаттар себепкер болады. Емшекте баласы бар әйелдердің маскүнемдігі тіпті өрескелдік. Олар арақ түгіл, сыра ішуге де болмайтынын естерінде сақтаулары керек. Ана сүтімен нәрестенің организміне енген алкоголь баланы тынышсыздандырады, ұйқысын нашарлатады, ақыл-есінің жетілуіне кедергі келтіреді. Мысалы, жақында «КТК» телеарнасынан сұмдық жағдайды көріп, жағамызды ұстадық. Ішкілікке салынған әйел өзінің төрт айлық баласын ұрып-соғып өлтірген. Не деген жауыздық десеңізші. Сайып келгенде, ішкіліктің зияны мол екенін әрбір адам есінде ұстап, ұмытпаса дейміз. Талай адамның түбіне жеткен ішімдік кімнің жанын азапқа салмады дейсіз. Адам баласының алға басу жолындағы кедергі — арақ-шараптың сиқырлы сыр-сипатын тек біздің еліміз ғана ашып көрсетіп, оның әлеуметтік зиянын айқындады. Өмір өлшемі — салауаттық, салауаттық — өмір заңы. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Мамандардың пікіріне сүйенсек, алкоголь ішімдіктеріне тым үйір адамның өмір ұзақтығы – халықтың орташа өмір ұзақтығымен салыстырғанда 15-20 жас кем болады. Ал, баланың миының дамуының 40-60 пайыз артта қалу себебі ата-аналарының маскүнемдігі.Қазақстанда халықтың басым көпшілігі алкоголь ішімдктерін пайдаланады, оның ішінде балалар-7 %, жасөспірімдер-37 %, жастар-54,5 %. Бұл балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарының біреуі не екеуі де маскүнемдікке салынған жандар екені анықталған. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, сезіміңе әдемі түйсік алады емессің бе? Одан өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі емес пе? Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу — адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық. Ішкілікке үйір болып туатын адам жоқ, маскүнемділік тұқым да қуаламайды. Оған көбінесе мол дастарқан басындағы отырыстар ырду-дырду араласқан адамдар, жүрген орта себепкер болады. Маскүнемдіктен сақтандыру, оның алдын алу мәселесі бұл күндері кімді болса да бейғам қалдыра алмайды. Өйткені алкоголизм мен маскүнемдіктіц артында жеке адам, отбасы тағдыры тұр. Оның ауыр зардабы жанашыр жақынды да, бейтаныс адамды да бейғам қалдыра алмайды. Теріс жолға түскен адамға білікті де дұрыс ақылшы керек. Ішімдік салдарынан маскүнемнің жан дүниесінде болған дағда­рыстарды, өміріндегі сәтсіздіктерді көріп, түсіне, түсіндіре білетін, көзін жеткізіп айта білетін шын жанашыр адам керек. Сондықтан да, әрбір азамат, ата-ана, мұғалім, тіпті тәрбиешінің өзі жас буынға балабақшадан бастап ішімдіктің зиянын түсінікті тілмен түсіндіріп отырғаны жөн. Және де саламатты өмір салтын ұстанудың жолдарын үйретуп, соған баулу керек. Өйткені, ішімдікті бір рет пайдаланған адамның өзін қайта қайтару, жолға салу оңай шаруа емес. Бейбіт елдің тыныштығына қиянат келтіретін маскүнемдік секілді дертпен көп болып күрескен абзал. Өйткені, күн санап ғасыр дерті айналып, жаппай етек алып барады. Қазақта жақсы сөз бар: «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» дейді, шын мәнінде арақтың ақыры өз көріңе жетелейді. Қазақ елінің болашағы берік, ұрпағы ұлағатты болсын десек, жоғарыда аталған мәселеге байланысты жұмыла күш біріктіріп, белгілі бір жүйеде жұмыс істеуіміз керек.

Әсел РЗАЕВА