Елімізде доллардың өсуіне байланысты тауарлардың құны қымбаттауы мүмкін
2018 ж. 05 тамыз
2767
0
Елімізде доллардың өсуіне байланысты сырттан келетін тауарлардың құны қымбаттауы мүмкін, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Доллар тағы қымбаттады. Ақша айырбастау пунктерінде қазір 351 теңгеден саудалануда. Ұлттық банкктегілер төл ақшамыздың тоқтаусыз әлсіреуін Қазақстанға миллиардтаған долларын құйған ірі шетелдік инвесторлардың кетуімен түсіндірді.
Яғни, олар валютасы тұрақты елдерге ақшаларын салуды жөн санайды. Американың федералдық қор жүйесі де саясатын күшейтіп, пайыздық мөлшерлемелерін бірден көтерді. Бұл өзгеріс көптеген дамушы елдердің ұлттық валютасына әсер етпей қоймады. Мысалы, жыл басынан бері Аргентинаның песосы 36%-ға, түріктің лирасы 28%-ға, Бразилия мен Оңтүстік Африка Республикасының валютасы 13%-ға құнсызданған. Бас банктегілер өзге елдермен салыстырғанда төл теңгенің шатқаяқтауы түк емес дейді. Яғни, теңге тек 9%-ға құнын жоғалтыпты. Ал АҚШ Конгресі антиресейлік санкциясын күшейтуді шешсе, рубль да бірден 15 пайызға құнсызданады деп көрші ел сарапшылары болжап қойыпты. Тамыз айы осылайша ешбір елдің экономикасына оңай соқпайын деп тұр. Бүгінде ақша айырбастау пунктерінде 1 доллар 350-351 теңгеден сатылып жатыр. Алайда, импортқа тәуелді Қазақстанға доллардың өсуі өз кесірін тигізбей қоймайтыны анық. Енді шетелден келетін тауарлардың бағасы одан ары шарықтамақ. Осы орайда, Ұлттық банк өкілдері импорттан гөрі, экспортқа иек артуға, бизнесмендерге отандық өнімнің көлемін мейлінше ұлғайтуға кеңес берді.
Иван СЕРДЮК Ұлттық банкінің басқарма басшысы: - Айта кетейін, мұнай бағасының өсуі теңгенің нығаюйына ықпал ететін фактор. Дегенмен, наурыз айының соңында елімізге құйған инвестицияның көлемі 1 миллиард 400 миллион долларды құраған.Ал, шілдеде бұл көрсеткіш 450 миллион долларға бір-ақ түсіп кетті. Бұл өзгеріс теңгенің әлсіреуіне тікелей әсер етті. Сондықтан қазір қандай да бір болжам айту өте қиын.