Қызылордада жасөспірімді зорлап өлтірген педофилдің отбасын ауылдан қуып шықты
2018 ж. 03 тамыз
5279
0
Қазақстанның оңтүстігіндегі Шалқия ауылының тұрғындары жасөспірім қызды зорлап өлтірген ер адамның отбасын елді мекеннен қуып шықты, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Екі апта бұрын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Шалқия ауылында 13 жасар қызды зорлап, аяусыз өлтірді деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталған еді. Қыз бала анасымен ауыл шетінде қаңырап бос қалған бес қабатты үйде тұратын. Жасөспірімнің денесі жоғарғы қабаттан табылды. Басын мылжалап тастаған әрі денесінен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық белгілері табылыпты.
Қылмысқа қатысы бар күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол жасаған ісін мойындап, түсініктеме берген. Ер адам бұрын да сотталған болып шықты.
Азғын қыздың үйде жалғыз қалғанын пайдаланып, зорлап, қылмысын жасыру үшін жасөспірімді жоғарғы қабатқа сүйреп апарып, басын жарып өлтірген.
Педофил қылмысын мойындағаннан кейін Шалқия жұрты оның отбасымен бір ауылда тұрудан бас тартты.
"Қыз баланы зорлаған жігіт бұрын біздің ауылда тұрмаған, — дейді жергілікті тұрғындардың бірі. – Ол Ақтөбеден анасына келді. Отбасы жұпыны тұратын, өзі жұмыссыз, анасы ішкілікке салынған. Осы бір қайғылы жайтқа дейін ешкім ештеңе демейтін. Енді бұл отбасының ауылда тұруына қарсымыз".
Дереккөздің мәліметінше, "қуылған" отбасыға зорлық-зомбылық көрсетілмеген екен.