Полицейлер тал түбінен табылған 4 жасар баланы өз əкесі таспен ұрғанын анықтады
2018 ж. 02 тамыз
2917
0
Алматы полициясы тал түбінен табылған 4 жасар баланы зақымдаған адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, кешенді тергеу жұмыстарының жүргізу арқылы 16 шілдеде Брянская мен Одесская көшелерінің қиылысында шала жансар күйінде табылған баланың қалай жарақат алғанын анықтады.
«Алғашында тергеу тобы жалған ақпараттың соңында жүрген. Оқиғаны көзімен көрген куəгер қыздың айтуынша, баланы қара түсті көлік соғып кеткен. Кейінірек бұл ақпарат жалған екені анықталды. Куəгердің айтқандары жедел тергеу жұмысының нәтижесіне кереғар болды. Полиция Мұхаммедтің жарақатын қарап, оны көлік соқпағанын анықтады. Бейне камералардың біріне Мұхаммедті əкесінің жетектеп бара жатқаны түсіп қалған. Белгілі болғандай, ол баланы адам жоқ жерге апарып, самайынан таспен ұрған. Оқиға болған жерді тыңғылықты тексеру мақсатында тергеу тобы сол жердің шөбін шауып шықты. Осының арқасында баланы жаралаған тас табылды",- деді Салтанат Əзірбек.
Қазіргі таңда күдікті Асқароғлы өз кінəсін мойындады. Ол өзінің мас болғанын айтты.
«Таңертең ішімдік іштім. Балам қасымда болған. Өте мазасыз болды. Тура самайынан таспен ұрдым. Ол құлады. Мен қорқып кеттім де, автобусқа отырып кетіп қалдым. Жұмысқа жеткен соң жуындым. Барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Маған обал жоқ"- деді Мұрат Асқароғлы.
Айта кету керек, баланың əкесі қазір қамауға алынған. Тергеу ісі қалалық прокуратураның бақылауында. Баспасөз қызметі мəлімдегендей, қылмыстық іс бойынша əр адамның əрекетіне процессуалдық баға беріледі. Сонымен қатар, тергеу тобын жалған ақпаратпен алдамақ болған қыздың да əрекеті істе қаралады.
Қазір аталған дерек негізінде ҚР ҚК 106-бабы бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын маңдағы Брянская көшесінде болған. 4 жасар бала қан жоса болған күйінше тал түбінен табылды.