ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев Парижден 65 млн еуроға пәтер сатып алған қазақстандық туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қаржы министрлігі Парижден 65 млн еуроға пәтер сатып алған қазақстандық туралы айтты
2018 ж. 19 шілде
3801
0
«Біз Франциядағы әріптестерімізге сауал жолдадық. Жауап келді, бірақ салық төлеуші өзі туралы ақпаратты жариялауға рұқсат бермеді. Сондықтан, ол туралы толық ақпарат бере алмаймыз. Ол өз табысын көрсетті, салықтары төленген және өз ақшасына жылжымайтын мүлік сатып алған. Пәтер иесі - Үкімет қызметкері емес», - деп жауап берді Мәди Такиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына.
Сондай-ақ, комитет өкілі 65 млн еуро тұратын пәтердің компания атына тіркелгенін атап өтті.
«Біз компанияның кіріс көздерін тексердік. Пәтер адамның емес, компанияның атына тіркелген. Сәйкесінше, компания кірістері мұндай пәтерді сатып алуға мүмкіндік бере алады және барлық салықтары төленген», - деді Мәди Такиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржы министрлігі 65 млн еуроға Парижде аумағы 1200 шаршы метр пәтерді сатып алған қазақстандыққа іздеу салған болатын. Оның айтуынша, қымбат пәтер иесі мемлекеттік қызметпен айналыспайды.