Белгілі профессор Мейрамбек Бесбаевқа неге шүйлікті?
2018 ж. 04 шілде
4074
1
Еліміздегі мүйізі қарағайдай Еуразия Ұлттық университетінің профессоры магистранттарға деп бөлінетін білім гранттарының кімге кетіп жатқанын ашық айтып берді, деп хабарлады КТК.
Мырзантай Жақыптың айтуынша, жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі талантты жастарға емес, сабаққа мүлде келмейтін жұлдыздарға үлестіріледі. Оның ішінде, атақты әнші, асаба, әйгілі тележүргізушілер де бар. Тек сахнадан ғана көрінетін студенттерге ұстаздар жоғары баға қоюға мәжбүр екен.
Белгілі доцент Мырзантай Жақыпты жоғары оқу орындарындағы жағдай әбден мезі қылыпты. Мемлекеттік грант иегерлерін анықтауға қатысатын ұстаз бәйге шаппай жатып-ақ, жүлдегерлердің белгілі болатынын айтады.
"Әр мамандыққа магистратураға бөлінген орындар бар, 10-20 орын. Олардың кемінде 30 пайызын сондай сырттан келген, сахнада жүрген, той-томалақта жүрген асабалар, арзанқол әншісымақтар деп айтар едім, сондай адамдар алып кетеді. Осылай үздік бітірген бірнеше студентім магистратураға түсе алмай, далада қалды. Былтыр да болды, алдыңғы жылы да болды. Ол жыл сайын қайталанады. Ол биыл да солай болады!", — дейді Мырзантай Жақып.
Ал грантқа түскен студенттерін сосын оқытушылар тек сахнадан ғана көріп жүреді екен. Көбі халықтың сүйікті әншілері. Мемлекеттік есебінен "магистр" атанғандардың ішінде – Мейрамбек Бесбаев, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас та жүр. Әндерін сүйіп тыңдағанымен, ұстаздардың бұл студенттерге өкпесі "қара қазандай".
"Екі жыл сабаққа келмейді олар. Басында бір көрінеді. Олардың сабаққа келгенінің өзі бір шоу! Ойбай, пәленше сабаққа келді! Ол сабаққа келуге міндетті ғой! Бір көрінді, сонымен жоқ! Ол екі жылдан кейін дипломын алатын кезде бір-ақ келеді…Оқу орнына келген кезде аудиторияға кірмейді. Олар тіке бастықтарға барады. Олар ректорға, проректорға, деканға барады, сөйтеді де бізге тапсырма береді. Екі жыл келмеген балаға баға қойып беріңдер дейді. Қоймасаң, қорқытуға кіріседі. Жұмыстан шығартып жіберем дейді, ректораттан қысым жасайды", — деп ашынды университет доценті.
Ал кесірі білімді жастарға тиген. Сорақысы сол, грантқа таласқан "жұлдыздар" көбеймесе, азаятын түрі жоқ екен. Тіпті, биыл да құжат қабылдау әлі басталмаса да, кімнің тегін оқитынын ұстаздарға алдын-ала айтылып қойған екен.
"Қанша адамға біз обал жасап жатырмыз. Алдын ала тізім жасап қоямыз. Мысалы магистратураға 20 орын берсе, 20 орынға тізім жасап қойғанбыз. Ол ағылшын тілін біле ме, жоқ па, ол жағын ешкім қарап жатқан жоқ. Оларды өткізу керек. Тегіннен-тегін өткізіп жатпағанын бәріміз білеміз ғой! Бақылауды күшейту керек! Керек болса осыған дейін бітіргендерді тексеру керек", — деп толықтырды профессор.