«Үркер» сыйлығының жеңімпаздары анықталды
2018 ж. 29 маусым
2060
0
Бүгін елордада баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» сыйлығының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, «Үздік халықаралық сараптамалық материал» аталымында Сәуле Исабаева (ЦентралАзияМонитор), «Үздік сараптамалық материал» аталымында Әсел Мұқанова (Казахстанская правда) жеңіске жетті. «Бүгін сіздерді осындай мерекелеріңізбен құттықтау мен үшін үлкен мәртебе, ал отбасым үшін маңызы зор. «Үркер» ұлттық марапат, ұлттық сыйлық, ұлттық жүлде құтты болсын», - деді «Үздік халықаралық сараптамалық материал» аталымы жеңімпазының есімін жария еткен ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
«Астананың 20 жылдығына арналған материал» аталымының жеңімпазын жария етуге шыққан Қазақстан қала құрылысы одағының төрағасы Сәрсенбек Жүнісов: «Өздеріңіз білесіздер Астана қаласының бас сәулетшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз мәпелеп өсірген қала биыл 20 жасқа толады. Сондықтан да осы аталымды өте жоғары марапат санаймын», - деп атап өтті.
Сонымен ол жеңімпаз ретінде Ғалым Омархановтың (Қазақ газеттері) есімін атады. «Үздік журналистік зерттеу» аталымын Асқар Джалдинов (Time.kz) жеңіске жетті. Жеңімпаздың есімін атаған қоғам қайраткері Мұрат Әбенов журналистік зерттеу мемлекетіміз үшін аса қажетті бағыттың бірі екенін баса айтты.
«Экономика мен қаржы туралы үздік материал» аталымында Капитал газеті аталды. Ал «Үздік аймақтық радиостанция» аталымының жеңімпазының атын атауға шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев биылғы жылғы ұлттық «Үркер» сыйлығын Қазақ газетінің 105 жылдығына арнау өте орынды болғанын баса айтты.
«Өйткені, біздің қазақ журналистикасының тарихында да өзінің азаматтық ұстанымынан таймаған, қазіргі жас журналистерге үлгі боларлық кісілер көп болды. Мен Алаш баспасөзінің 10 томдығын шығарған кезде осыған көзім жетті. Небір жап-жас Смағұл Садуақасов сияқты кісілер жер үшін, ел үшін, тілі үшін, тарихы үшін ертең атылып кететіндігін біліп отырып, басын бәйгеге тікті. Сондықтан қазіргі жас журналистерге қандай қиыншылық болса да өздеріңіздің азаматтық ұстанымдарыңыздан айнымаңыздар дегім келеді», - деді Намазалы Омашев.
Сонымен бұл аталымда Алматының Жұлдыз FM радиостансасы, ал «Үздік қазақстандық радиостанция» аталымында «Шалқар» радиосы жеңіске жетті. «Үздік Интернет БАҚ» аталымында жеңіске жеткен «Informburo.kz» сайтын сенатор Бірғаным Әйтімова мен ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жариялады. «Құрметті әріптестер, бүгінгі керемет мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздердің шығармашылықтарыңыз арта берсін, әрқашан жақсылық, таралатын хабар көп болсын», - деп құттықтап өтті Айдос Үкібай.
«Үздік вайн» аталымының жеңімпазын жария етуге шыққан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ең алдымен БАҚ өкілдерін бүгінгі мерекелерімен құттықтады. «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ, дейді. Бүгін әрқайсыларыңыздың жеңістеріңіз алтын болсын»,- деген тілегін жеткізген министр аталған аталымда Нұрлан Батыровтың жеңіске жеткенін жария етті.
Сондай-ақ байқау нәтижесінде «Үздік фотосурет» аталымында Тұрар Қазанғапов (Tengrinews.kz), «Үздік репортаж» аталымында Илья Астахов (Today.kz), «Үздік сұхбат» аталымында Гүлзина Бектасова (Айқын), «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымында Яков Федоров (Yvision.kz), «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымында «Жетісу газеті», «Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымында «Егемен Қазақстан» газеті жеңіске жетті.