«Біреудің ықпалынсыз, өз күшіммен көтерілгім келеді» — Шиара Құдайбергенова

ҰБТ-да ең жоғары 140 балды жинаған Шиара Құдайбергеновамен сұхбаттасып, бірнеше сұрақтарға жауап алдық. Логистика саласын таңдап отырған түлек болашақта еліне пайдасы тиер маман болуды армандайды. Мектеп бітірушілердің басты қорқынышына айналған ҰБТ-ға тиімді дайындалудың әдістерін назарларыңызға ұсынамыз.

Тілші: Сәлем, Шиара. Биылғы жылғы ҰБТ-да еліміз бойынша үздік нәтиже көрсетіп отырсың. Шын жүректен құттықтаймыз! Сұхбаттасуға келіскеніңе рақмет. Сен үшін тестке дайындалудың ең тиімді әдісі не болды?

-Кешке қосымшадан келген соң тамақ ішіп, ұйқыға ерте жататын болдым. Таңғы 5-те тұрып дайындалдым. Себебі, түнде оқыған маған қиын болды. Ал, таңертең оқыған тиімді, қызық болды. Таңертең миым жақсы жұмыс істейді, ақпаратты тез қабылдаймын.

Тілші : Болашаққа жоспарларың қандай?

-Мен география, математика пәндерін таңдадым. Екеуі де маған қызық болды. Мен үшін ең бастысы грант алу болғандықтан, басында физика, математиканы таңдаған едім. Бірақ, физика мені қызықтырмады. Сондықтан, грант аз болса да, география пәнін таңдадым. Менің жақсы білім алуыма мектептің де үлесі зор болды. Қожа Ахмет Йассауи атындағы №123 мектеп-гимназиясына алғыс айтамын. Енді логистика мамандығына түссем ба деп отырмын. Ол – енді ғана қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Әуелде Назарбаев университетіне түскім келген еді, қазір Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті немесе Сүлеймен Демирел атындағы университетке түскім келеді. Болашақта еліме қызмет етіп, өркендеуіне пайдам тисе екен деймін.

Тілші: Отбасың Алматыда, неге Астана қаласында оқығың келеді?

— Астанаға ЭКСПО көрмесіне барғанымда қала жақсы әсер қалдырды, ұнап қалды. Алматы қаласы да ұнайды, алайда, өздігімше, ата-анамнан алыстау өмірді көрсем ба деймін. Адам үйінен алысырақ болған сайын тезірек жетіледі дейді ғой. Біреудің ықпалынсыз, өз күшіммен көтерілгім келеді.

Тілші: 140 балды алу үшін осы уақытқа дейін неден бас тарттың?

-Мектептегі сабақтан түстен кейін келіп, кешкі 20:00-21:00-ге дейін «Арай» білім беру орталығында дайындалдым. Тіпті, жексенбі күндері де 2-3 сағатқа орталыққа барып, тест жаттайтынмын. Бірақ, арасында демалып тұру керек. Әлеуметтік желілерге де аздап кіріп тұру керек. Миды тынықтыру керек қой. 6-сыныптан соң Қазақ-түрік лицейіне тапсырып, 4-5 балл жетпегендіктен, түспей қалғаныма өкіндім. Назарбаев мектебіне де тапсырып, 2-турдан өте алмай қалдым. Осының бәрі Алланың берген сынағы деп ойлаған едім. 140 балл жинағаным — осы қиналған сәттерімнің қуанышы.

Тілші: Дайындық барысында қандай қиындықтар болды?

-«Арай» тестілеу орталығында ай сайын тест тапсыратынбыз. Сол кезде соққылар көп болды. Мен басында үздік нәтижелер көрсете алмай, сол кезде алдыма 140 балды мақсат етіп қойған едім. Жанымдағы достарымның қатарынан көрінбегенім намысыма тиіп, мақсатыма жетуге тырыстым. Менімен бір топта дайындалған балалар 139,138,137 балдарды жинады.

Тілші: Өзіңнен кейін тапсыратын түлектерге қандай кеңес бересің?

-Уақытты тиімді пайдаланып, кітаппен жұмыс істеу керек. Миды тынықтырып, таңертең дайындалған дұрыс. Биылғы сұрақтардың 50%-ы өзгерген. Мен «Едукон» компаниясының тест сұрақтарымен дайындалдым. Барлық сұрақтар сол жерден келді. Сондай-ақ,  мектеп оқулықтарынан келді. Сондықтан, оқулықтың әр сөзіне зер салып, зейін қойып оқу керек. «Білікті бірді жығады, білімді- мыңды жығады» — дегендей, қазір білімділердің заманы. Елбасымыз айтқандай, еліміздің келешегі – жастардың қолында.

Тілші: Уақыт бөліп, сұрақтарға нақты жауап бергеніңе рақмет, Шиара. Аңсаған армандарың орындалып, алға қойған мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін!

Мамыр айында Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ның 15 жылдығына орай 140 балл алған алғашқы қатысушыға Iphone  сыйға тартатынын айтқан еді. Үздік нәтиже көрсеткен Шиара Құдайбергенова сыйлығын алу үшін Астанада өтетін баспасөз конференциясына шақырту алды.

Сұхбаттасқан: Аяжан Махамбетқызы

Дереккөз: studentmedia.kz