Семей жастары өз ақшаларына аялдамаларды қалыпқа келтіруде
2018 ж. 19 маусым
2219
5
Семейде бір топ жастар өз беттерімен автобус аялдамаларын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Степной кентінің жастары әбден тозып, өңі қашқан аялдамаларды қала билігінің көмегінсіз-ақ бояп, қалыпқа келтіріп жатыр. Іске бастамашы болған - қаладағы Семей көлік колледжінің студенті Қуат Нұрғазы. Ол өзі тұратын кент жастарының басын қосып, ерікті түрде аялдамаларға жөндеу жүргізу туралы ұсыныс жасаған. Барлығы бірауыздан қолдап, 20-ға жуық жас жұмысты бастап кеткен. Алдағы уақытта тағы 2 аялдаманы толық жөндеуден өткізуді көздеп отыр.
«Біз жұмысты соңғы аялдамадан бастадық. Себебі, ескіріп кеткен. Тіпті отыруға ыңғайсыз деуге болады. Сондықтан өз кентіміздің аялдамаларын өзіміз бояп, қалыпқа келтірейік деп шештік. 20-ға жуық бала 200 теңгеден жинадық. 6 құты бояу сатып алып, аялдаманы боядық. Енді «1-ші Степной» және «Новая» аялдамаларында жұмысты жалғастырамыз», - дейді Қуат Нұрғазы.
Балаларда жөндеу жұмыстарына қажетті ешбір жабдық болмағандықтан, қол жетпейтін биік жерлерді, аялдамалардың төбесін бірінің мойнына бірі отырып сырлайды. Жастардың бұл еңбектерінің видеосы және фотолар әлеуметтік желіде таралуда.