Елордалықтарды заңсыз митингке шақырған азамат қамауға алынды
2018 ж. 01 маусым
2620
0
Астана қаласының Ішкі істер департаменті елорда тұрғындарын заңсыз ұйымдастырылған акцияларға қатысқандар жауапқа тартылатынын ескертіп, жеке бас мүддесін ойлаған арандатушылардың арбауына түспеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, елордалық полицейлер мамыр аяғының соңында ереуілге шақырған азаматты анықтады.
«2018 жылғы 17 мамырда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде Қайырлы Омар есімді азаматтың 21 мамыр күні Астана әкімдігі ғимаратының алдында митинг ұйымдастырмақ болғаны анықталды. Оған әкімдіктің рұқсат бермегенін ескерсек, оның әрекеті ҚР Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 488-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартуға негіз болады», - деп мәлімдеді ІІД баспасөз қызметі.
Осыған орай 2018 жылғы 18 мамырда Астана ІІД жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы тарапынан Қайырлы Омарға қатысты 488-бапқа сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, ол Астана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен 7 тәулік мерзімге қамауға алынды.
Астана қаласының ішкі істер департаменті рұқсат етілмеген қоғамдық шараларға қатысқандар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті. ҚР ӘЖК-нің 488-бабына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке қамауға алу қарастырылған.