Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында байқау өтті

Ағымдағы жылдың 22-ші сәуірінде мүгедектігі бар жандар сұлулық пен өнер сайысында бақ сынасты. Осындай байқау облыс бойынша тұңғыш рет журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұйымдастыруымен өтіп отыр.

Оның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың маңызды мәселелеріне кәсіпкерлердің назарын аударту болып табылады.

«Біз осы сайысты күнделікті тұрмыс-тіршілігі бірдей өтіп жатқан жандарға арнадық, яғни мүгедектігі бар адамдарға. Осы байқауды өткізбей жатып жан-жақтан көп іздендік. Бұл мәселеге бейжай қарамайтын, шынайы ізгі ниеттерін білдіріп жатқан адамдар санының көптігін байқадық. Сондықтан да өмірге «Өзгелер» атты жоба дүниеге келді. Оған қатысушылардың барлығы да өте өнерлі екенің көрермендерге дәлелдей білді», - дейді С.Дүйсенова.

Айта кету керек, бұл бастаманы жергілікті атқарушы органдар, іскер әйелдер қауымдастығы, сұлулық салондары мен меценаттар қолдады.

«Бүгінде, әрине, барлық әлеуметтік нысандарда пандустар бар. Алайда

өкінішке орай, шағын және орта бизнес түрі мейрамханалар, кафелер, шаштараздар, кинотеатрлар мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол жетімді емес. Болашақта қатысушылар аудандарда іріктелініп, облыстық конкурсқа жолдама алатын болады», - деп қосты С.Дүйсенова.

Кеш соңында байқаудың жеңімпаздары анықталып, гран-при иегерлері Эльмира Смағұлова мен Сырым Қайратбеков атанды. Бірінші орынды Нұрболат Қарабасов пен Мира Алтаев жеңіп алды. Екінші орынды Нұрбек Тұрғанов пен Ғалия Бөлекбаева алды. Ал үшінші орынды Алмагүл Қасенова мен Индира Ахметова иеленді. Олардың барлығы бағалы әрі қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Қазақ үні