Қырғыздар қытай компаниясына қарсы бас көтеріп, айтқанын істетті
2018 ж. 22 мамыр
4846
3
Қырғызстанның Нарын ауданы Эмгекчил ауылында 15 мамырда жүзге жуық адам Солтон-Сары жайлауында алтын өндіру комбинатын салуға қарсы шықты деп жазады centralasian.org. Ауыл тұрғындары мен үкімет мүшелері, жергілікті билік және Jhong ji Mining company қытай компаниясының өкілдері кездесті. Оның қорытындысы бойынша комбинат зиянын зерттейтін комиссия құру туралы шешім қабылданды. Jhong ji Mining company 2012 жылы Солтон-Сары кенін барлауға және өндіруге лицензия алған. Биыл бұл компания сол жерде комбинат салуы тиіс болған. Жергілікті тұрғындар құрылысты доғаруды талап етті. Халық қалдықтардың осы маңдағы өзенге түсіп кетуінен қауіптенеді. "Қалдыққойма да денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін", - деп есептейді Эмгекчил тұрғыны Разбек Тукуев. Қытай компаниясы Эмгекчил ауылына әлеуметтік көмек ретінде 13 миллион сом (шамамен 190 мың доллар) бөлетінін хабарлады. Бұған дейін канал құрылысына бес миллион сом аударылған. Бірақ жергілікті тұрғындар мұндай көмекке келіспеген. Jhong ji Mining company компаниясының өкілі Гүлмира Ибраимова комбинат қызметінен экология зардап шекпейді деді. "Біздің жоба жаңа технология бойынша жұмыс істейді. Ақпасу комбинат сыртына шығарылмайды, ол қалдыққоймада қалады. Қорқудың қажеті жоқ, экологияға зияны жоқ", - деді ол. Эмгекчил ауылының тұрғындары алтынды өз еркімен өндіріп жүргені белгілі. Жиналыста алтын кенін инвесторларға бермей, жергілікті тұрғындардың өздері өндірсін деген ұсыныс та айтылды.