Полиция секс-құлдықта болдым деген қазақ қызына қатысты жаңа деректер айтты
2018 ж. 22 мамыр
9178
0
Полиция қызметкерлері «Саяхат» автовокзалы аумағында көлік астына түскен алматылық қыздың арызы бойынша рейд жүргізді. Алматы ІІД берген хабарламаға сүйенсек, қыздың полицейлерге айтқан ақпараты расталмай шықты.
«Биылғы жылдың 1 мамырында сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезеңінде ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшылығы мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдері және құқық қорғаушылармен бірге арызданушы өзін күштеп ұстады деп көрсеткен мекенжайда рейд жүргізді. Ақпарат расталған жоқ, көршілердің айтуынша, бұл мекенжайда кішкентай балалары бар отбасы тұрады», - деп жазылды Алматы ІІД хабарламасында.
Айта кетейік, мамырдың басында сайтымызда секс-құлдықтан қашып шығып, базардағы халықтан көмек сұраған қыздың видеосы жарияланған еді.
Қыздың айтуынша, 2018 жылдың 6 мамырында сағат шамамен 18.00-де Алматы қаласындағы Сүйінбай даңғылында оны автокөлік қағып кетеді. Кейін біреулер оны заңсыз ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ал тергеу жұмыстарына сәйкес, Н. есімді алматылық бойжеткен 2009 жылдан бері жезөкшелікпен айналысқан тұлға ретінде ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қылмыстық есебінде тұрғаны анқыталады. Бұған қоса, оның жезөкшелікпен айналысатындарды және оларға қызмет ететін притондар мен орындарды анықтап, жою мақсатында жүргізілген жедел-профилактикалық шаралар мен рейдтердің нәтижесінде ішкі істер органдарына жеткізілгені белгілі болды.
Қазіргі таңда тергеу басқармасы, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы істің нақты мән-жайын және келтірілген мәліметтердің рас-өтірігін анықтау бойынша кешенді шұғыл және тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Зардап шегуші «куәгерлерді қорғау» бағдарламасы бойынша күзетке алынды.