Астананың 20 жылдық мерекесі шенеуніктерге емес, халық үшін жасалады - Дәурен Абаев
2018 ж. 15 мамыр
2472
0
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өтуге бөлінген қаражат көлеміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астананың 20 жылдығы шенеуніктер үшін емес ең алдымен, елорда тұрғындары үшін мереке саналады және бұл - ең бастысы да. Баса назар аудартқым келген тағы бір мәселе, бұл бюджет бірнеше мемлекеттік органдардан шоғырландырылған. Көпшілік айтып жүргендей, бұл ешқандай да кредиттік ақша емес. Меніңше, бүгінгі күнге сай келетін баға және бұл ретте ешқандай проблема болмауы тиіс. Тексеруші органдар кез келген уақытта аталған қаражаттың мақсатқа сай шығындалуын тексере алады», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің елорданың 20 жылдығын атап өтуге бөлінетін қаржы көлеміне қатысты қойған сауалына орай.
Сонымен қатар ол өңірлердің елордаға сыйлықтарына қатысты да пікір білдірді.
«Самал шағын ауданы мен саябақ арасында салынып жатқан велосипед және жаяу жүргінші жолы Астана қаласының әкімі үшін емес, осы елорданың тұрғындары мен қонақтары үшін, бірінші кезекте балалар үшін, сіздердің барлықтарыңыз үшін салынады. Елорда күні мерекеленіп біте салысымен сіздер жұмсалған қаражатты бірден естен шығарып, ондаған жылдар бойы сол көпірді пайдаланасыздар. Сондықтан да дұрыс екпін берейік»,- деді Дәурен Абаев.
Министр мысал ретінде Мемлекет басшысының 5 Әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін 2,5 трлн теңге қаражат жұмсалатындығын атап өтті.
«Қай мемлекетте студенттерге арналған жатақхана салынуда? Тұрғын үй бойынша мұндай ауқымды бағдарлама қайда қабылданған? Сіздер бұл жайында айтпайсыздар, екпін қоймайсыздар. Толықтай алғанда 19 млрд теңгені құрайтын бұл сома шоғырландырылған, түрлі мемлекеттік органдардың әртүрлі бағдарламаларынан тұрады», - деп түсіндірді ол.