Шпекбаевтың шешімдері - біліктіліктің белгісі
2018 ж. 06 мамыр
4975
0
Соңғы уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысына қатысты көптеген ақпараттар жариялануда. Соның ішінде агенттік басшысы Алик Шпекбаевтың басшылық қабілеті мен ерік-жігеріне қатысты толымды дүниелер айтылып, ел ықыласына бөленуде.
Мысалы, бүгін сарапшылар отырысына қатысқан Шпекбаев агенттік ғылыми әдістемелер негізінде өз аппаратының құрылымын 30 пайызға оңтайландырылғанын айтты. Нәтижесінде жекелеген құрылымдар, лауазымдар жойылған. Жекелеген басқармалар біріктіріліп, орынбасар лауазымдары алынып тасталды.
Сондай-ақ, ол агенттік қызметкерлерінің жалақыларына да мән беріп, орталық пен өңірлер арасындағы жалақы теңсіздігін жойғандығы мәлімдеді.
«Егер жалақы төлеудің жаңа жүйесіне қатысты айтар болсақ, онда біздің ілкі органдардағы жалақы көлемі екі есеге ұлғайды. Астана мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктерінде 2,2-ден 2,5 есеге дейін артты. Бұл айтарлықтай сома. Орташа алғанда жеке сектордағы жалақымен сай келеді деп айтуға болады. Жеке сектордағы ең төменгі жалақы 165 мың теңге. Бүгінде біздің мамандар, төменгі буын сарапшылары дәл сондай жалақы алады. Бұған қоса, біз орталық пен өңірлер арасындағы жалақы теңсіздігін жойдық. Айырмашылық шамамен 70 пайыз болатын. Егер ол орталықта жұмыс істейтін болса, әрине, оның жалақысы сәл жоғары болады. Бірақ, айырмашылық 10-20 пайыз ғана»,- деді агенттік басшысы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы сарапшылық клубының отырысында.
Сондай-ақ, бүгін танымал заңгер Ринат Баймолда әлеуметтік желідегі парақшасында өзін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтың қабылдағаны туралы айтқан болатын.
Басшының біліктілігін сөз қылған заңгер агенттік қызметкерлерінің қызметін асыра пайдаланғаны туралы сөз қозғапты. Баймолданың мәліметінше, Шпекбаев бұл фактілер бойынша дереу шешім қабылдап, басшылық жігерінің үстемдігін көрсете білді.
Білікті басшының салиқалы жұмысы көпке үлгі болып, алдағы уақытта да адам тағдырына қатысты тек әділ шешімдер қабылдануын тілейміз.