Білім саласындағы кезекті былық әшкереленді: 117 студент оқудан шығарылды
2018 ж. 25 сәуір
2791
0
«Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды, деп хабарлайды 24.kz.
Естеріңізге салайық, былтыр күзде емтиханды өз күшімен тапсырғандар арызданып, бұл іс бойынша тексеріс жүргізілген еді. Соның нәтижесінде ағылшын тілі емтиханы бойынша 117 тіркелмеген сертификат анықталды. IELTS сертификаты магистратура немесе докторантураға түсу кезінде басымдық береді. Сол себепті былтыр көп адам бұл құжатты сатып алған. Алайда барлық сынақтан өз күшімен өткендер емтихан нәтижесімен келіспей, бұл мәселеге қоғам назарын аударуға тырысты. Нәтижесінде ҚР Білім және ғылым министрлігі тексеріс жүргізіп, базада тіркелмеген 117 сертификат бар екендігін анықтады.
«Білім және ғылым министрлігінің комиссиясы екі рет тексеріс жүргізді. Басында біз 33 баланы шығардық. Жақында тағы 84 студент оқудан шеттетілді. Енді бұл азаматтар олардың оқуына жұмсалған қаржыны қайтаруы тиіс. Олардың көбі грантта оқыды. Тек 9 адам ғана ақылы түрде білім алды», - дейді «Астана медицина университеті» АҚ ректорының орынбасары Франц Галицкий.
Бұл оқиғаны тергеу қалалық Ішкі істер департаментіне жүктелді. Нәтижесінде 117 қылмыстық іс қозғалды. Оның 30-ы сотқа жіберілді.
«385-баптың 3-бөлігі, яғни жалған құжатты пайдалану ісі бойынша 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. Сонымен қатар қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту да қарастырылған», - дейді Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Болат Пазылов.
Қазір оқудан шығып қалған студенттердің орны бос. Енді емтиханды өз күшімен тапсырғандар осы гранттарды иеленуден үмітті.
«Өкінішке қарай, біз бұл мәселені өз бетімізбен шеше алмаймыз. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі бірқатар құжатты реттеу керек. Соның негізінде ақша төлеп оқып жатқандарды осы бос орындарға ауыстырамыз», - дейді «Астана медицина университеті» АҚ ректорының орынбасары.
Жалған сертификат сатып алған студенттердің бәрі оқудан күзде шығарылуы тиіс еді. Бірақ соттың бұл шешімі уақтылы орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы лицензиясынан айырылуы да мүмкін.