ШҚО-да адам қағып өлтірген әкім орынбасарының ісі жанжалға ұласты
2018 ж. 24 сәуір
2701
0
18 жасар бала көз жұмған жол апатына Өскемен қаласы әкімінің де қатысы бар болуы мүмкін. Марқұм баланың әкесінің айтуынша, Қуат Тумабаев қайғылы жағдайға қарамастан, оқиға орнынан тайып тұрған. Қазіргі уақытта Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев тергеу абақтысында отыр, деп хабарлады КТК.
Ал Өскеменнің әкімі бұл істе куәгер боп шыға келген. Виктор Смольниковтің қапыда көз жұмған ұлын жоқтап жүргеніне аптадан асты. Оның бар мақсаты баласы Евгенийді қағып өлтірген адамдардың әділ жазаға тартылуы. Өрімдей жас баланы жаншып өткен көлік артында келе жатқан машинаның бейнежазбасына түсіп қалыпты. Міне, түн қараңғысында жолға симай, құйғытып барады. Осы қарқынның ақыры адам өліміне әкелген. Джиптің әрең тоқтағаны дөңгелек ізінен анық көрінеді. Анықтай келгенде, қайғылы оқиғаның басында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев қана емес, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тумабаев та болған екен.
“Маған айтқаны, көлік тізгініне отырған Өскемен қаласының әкімі деді. Өйткені, жол апатынан кейін біреу көлікке отырып жатқан. Яғни, менің баламды қағып кеткеннен кейін ол кетіп қалған”, – дейді марқұмның әкесі Виктор Смольников.
Ресми хатшысының айтуынша, әкім бұл жағдайға кездейсоқ тап болыпты. Сөйтіп, медициналық көмекті шақырған. Яғни, бұл істе ол тек куәгер ғана.
“Жол-көлік оқиғасының кездейсоқ куәгері болды. Жағдайды көріп жедел жәрдем қызметін шақырған. Жергілікті ішкі істер бөлімінде куәгерлік түсініктерін берді. Істің барлық мән-жайын жарияламау турасында құжатқа қол қойды”, – дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов осы қылмыстық істі барынша ашық жүргізуге пәрмен берген болатын. Алайда, екі бірдей шенеунік шатылып жатқан істі жүргізу қиындап барады екен. Марқұм баланың әкесі Виктор демеу болған таныстарына қысым көрсетіле бастағанын айтады.
“Әлгі бейнежазбаны тергеушілерге тапсырған болатынмын. Содан кейін Риддер қаласы ішкі істер басқармасының бөлім бастығы менің достарыма зекіп, жазған арыздарыңды қайтарып алмасаңдар, бәріңді құртам деп қорқытып жатыр”, – дейді марқұмның әкесі Виктор Смольников-.
Қайғылы көлік апаты осы айдың 15-і, жексенбі күні кешқұрым Риддердің шетінде болған. Араққа сылқия тойып алған Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев қымбат «BMW Х5» джипімен жол шетінде кетіп бара жатқан жүргіншіні қаға жөнелген. Жедел жәрдем жеткенше 18 жасар Евгений Смольников тілге келместен көз жұмды.
Джипті тізгіндеді деген Бауыржан Құрманбаев қазір тергеу абақтысында. Осы әрекеті үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал екінші шенеунік – Қуат Тумабаев қазір тек қана куәгер. Бірақ, Өскемен қаласының әкімі жексенбі күні түнде Риддерде қайдан жүр? Оны тергеу анықтайтын болады.