Ұлт ақыны АТАНҒАН КЕҢШіЛіК

d0bad0b5d2a3d188d196d0bbd196d0ba-d0bcd18bd180d0b7d0b0d0b1d0b5d0bad0bed0b2-d184d0bed182d0be          

   «Жұрт көрмеген көріністі көруің хақ» дейтін Ақынның бұл дүниеден бақи болғанынада міне, жиырма бір жыл, тура өзі сүрген өмірдің жартысы. Бұл күнде заман өзгерген. Кешегі қазаны қайнаған әдеби орта жоқ. Одан басқасының бәрі бар ғой қазір. Әсіресе, қоғамның әдебиетке деген марғау, бейғам көзқарасы бар. «Өлара мезгіл» шамасы. Осындайда ақын жазушы десе аудиторияға толып кететін кешегі жастар еске түседі. Сондай бір кезде, Лениннің жүз жылдығында кейін «Жолда» деп аталған «Өгіз» деген өлең оқыған Кеңшілік еске түседі. Ааңдаған адамға бұл коммунистік идеологияға ашық қарсы шыққан адамның ісі емес пе! Сол кезде Кеңшілік бар болғаны 25 жаста еді..

 

              Қазір менің қайталап, көп оқитыным Кеңшіліктің соңғы «Іңкәр дүние» атты жинағы. Кеңшіліктің «Іңкәр дүниесін» бірнеше жыл ішінде он, он бес рет қайталап оқып шыққан шығармын... Бір ғажабы ешқашан жалықтырған емес, қайта өзіне тарта түсетін бір қасиеті бар...

          Біздің балалық шағымыз бір ауылда, бір мектепте өтті. Осы күні Кеңшіліктен көргенім мен естігенімді сараптап отырсам, оның әуелден арқалы екенін, анадан туғанда қанымен, жанымен ақын болып туғанын байқауға болатын еді. Ол оқуға берекелі болып еді деп те айту қиын, бірақ құдайдың құдыретімен туғаннан ақын болып жаралған жан өте сезімтал тың, сондықтан ес біле бастаған шағынан бастап ол көргендерін, естігендерін кинолента тәрізді ми қабығына қабылдай берген, сіңіре берген, жадына сақтай берген, яғни, он сегізге толғанда оның оқығанынан, жадына тоқығаны көп еді. Сондықтан ба, Кеңшіліктің сол кезден бастап, өмірінің соңына дейін жазған жырлары сол дәуірдің тұтастай эпикалық дастаны тәрізді болып қалды. Оның он тоғыз, жиырма жасында жазған өлеңдерінің өзі ешкімге ұқсамайтын стилімен, көркем кестелі тілімен, айтар ойымен жұрттың назарын бірден өзіне аударды. 1965 – жылы Алматыға алғаш келген он тоғыз жасар Кеңшілікті ақындар шаңырағы жатырқамай құшағына тартты, қабылдады. Ең қызығы көп ұзамай балаң ақындар арасынан дауысы ерекше естіле бастаған жас ақынға еліктеуші өлең жазғыштар көбейе бастады.

              Ал, 70-жылдың басында Кеңшіліктің «Іңкәр дүние» атты жыр кітабы шыққан кезде, оны аға буын мен орта буын ақындар, өзінің тұрғыластары әдебиетке өзіндік дауысы мен жолы бар ақын келгенін мойындап үлгерген. Өзгеше ізі бар демекші, осыған дейін де, одан кейін де Кеңшілікше мөлдір, көркем айшықты, қазақы мінезді тұнық сезімге бай өлең, баллада, сондай-ақ , поэмалар жазған. Кеңшілік 42 жасқа келген аз ғұмырында оннан астам жыр кітабын халқына аманат етіп кетті. Осы кітаптарында ол сонау соғыс жылдарынан басталатын, жарты ғасырға дейінгі уақытты қамтитын бір дәуірдің көркем сөзбен кестеленген тұтастай галереялық полотноларын жасап кетті. Мен поэзияны көркемсурет өнерінен жоғары қойған Леонардо да Винчидің емес, поэзияны кескін өнерінен жоғары қойған Лессингтің пікіріне қосыламын. Оған Кеңшіліктің өлеңдері мен балладалары дәлел. Ол қай жанрда болмасын, лирикалық өлеңдерінде, балладаларында, поэмаларында да тұяғы жерге тимейтін су жорғаның қасиетін танытушы еді. Сондықтанда оның қай шығармасын болмасын басынан аяғына дейін бір демде оқып шығуға мәжбүр боласың. Кеңшіліктің сиқырлы да көркем, айшықты тілі әсіресе табиғатты суреттегенде көрінер еді, ол табиғат суреттері сол кездегі тіршілікпен, адамдар тағдырымен бірге астасып жататыны сондай, сол сәтте сол суреттің ішіне еніп, сол жердің ауасымен бірге тыныстап жүргендей боласың, бірге мұңаясың, бірге қуанасың, табиғатқа бірге сұқтанып, сүйсінесің. Содан болар, Кеңкеңнің суреттеп отырған кезеңі тіл бояуының қоюлығы мен сан түрлігі сондай, суретшінің жансыз полотносындай емес, кәдімгі кино тәрізді сіздің көз алдыңыздан тап бүгінгідей өтіп жатар еді.

Сағымды көкжиекке дала күрмеп,

Жапырақ жанданады самал үрлеп.

Жапырақ шайқалғанда, саусағымен

Шертеді шабытымның шанағын кеп.

Осы бір көркем бейнелі, әсерлі жолдарды

Кеңшілік 18 жасында жазған десе кім сенер.

Біздің ауыл ар жағы көкпеңбек қыр,

Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.

Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,

Қорық болмай әне бір шалғын табан

Өріске өткен малға өткел боп тұр...

Кеңкеңнің бұл 19 жасында жазып, алғашқы «Іңкәр дүние» кітабына шығарған өлеңін оқып отырып, өзіңіздің сол табиғаттың ортасында тұрғандай, ана бір аталған шалғын табаннан сізде малмен бірге өтіп бара жатқандай боласыз. Сосын бірде:

Қозы көш жерде, қол созып белде,

көк шалғын

Көк шалғын қаулап, желкілдеп кетті

ақжал құм... – десе 

Келесіде:

Дүр етіп лезде, бүр жарған кезде дүзген тал,

Тобылғы сайға, торыңды сайлап қызбен бар,

Қолаң шағыр мен қоламта күлгін көкпектің

Арасында аршын тұяқтар тиген іздер бар...деп хас шеберге тән қасиетпен су жорғадай көсіледі ғой.

Сарғайған дала сазды әйет құмы бұрқылдап,

Саржайлауда анау, сері өзен ақса сылқылдап

Құр құрлап қырдан қайырып қайтсам

құлын тай,

Әр көде басы дуадақ ұшса пыр пырлап..

Дарынды суреткердің табиғат суретін шебер қолмен қойғандай көз алдыңа келтіріп, сол даланың тұнық ауасымен сізді тыныстатқандай болатыны да таңғажайып. Мұндай көркем тілді, бейнелі әсем суреттер Кеңкеңде өте көп.

                  Кеңшіліктің балладалары... Олар туралы кезінде әдебиет сыншылары, ақындар мен замандас тұрғыластары айтты да, жазды да. Аталған балладалар қазақ поэзиясындағы бұрын соңды жазылған балладалардың ішіндегі ең шоқтығы биігі. Олар кестелі тілі жағынан болсын, алған тақырыбын игеру жөнінен болсын, кейіпкерлерінің образын бейнелеу шеберлігі немесе стилі жағынан болсын әлемдік классика деңгейіндегі шығармалар, яғни «сезімі мен сөзіне ғана сүйенген» хас шебер ақынның жүрегінен шыққан ұлы дүниелер.

Сол сияқты, Кеңшіліктің қай поэмасыда қазақ поэзиясында өзіндік орнын алатын асыл дүниелер. Оның ішінде «Иманжүсіп», «Біржан сал және Қоянды жәрмеңкесі» поэмаларына оқырман қай кезде де назар аударары сөзсіз. Бұл Кеңшіліктің алтын мен аптап күміспен қаптаған, шабытты жүрегінің нәзік тылсымынан, арқалы сезімінің зарлы да мұңды қылынан шығарып сомдаған туындылары десем артық болмас. Иә, бұл менің тұжырымым, сондықтан сіз менің пікіріммен келіспеуіңізде мүмкін. Осыны мен дәлелдеу үшін төменде Кеңшілікпен замандас ақындардың, сыншылардың кәсіптік биік деңгейде айтқан пайымдарын, әдеби талдауларын мысал етіп келтіре кеткенді жөн көрдім. Мәселен, ақын шығармашылығына орынды да әділ баға бергендердің бірі Ғұсман Жандыбаев. Ол: «Кеңшіліктің табиғат лирикаларын оқып отырып, біз оның тау суындай таза, жайлау көркіндей тартымды ажар сымбатына тәнті боламыз. Өлең бояуын табиғаттың өзінен сүзіп алу, оның әрі мен нәрін сол қалпында сақтап қалу Кеңшіліктің басты көркемдік ерекшелігі...» деп оқырманның ойындағысын айта білген. Тағы бірде ол: «Кеңшілік Мырзабековтың лирикалары ұлттық колоритінің молдығымен, бояуының тазалығымен, ойының образдылығымен дараланатынын айтпай кетуге болмайды» десе, келесі бір сөзінде «Қазақ поэзиясындағы баллада жанрын қалыптастыруда, жетілдіруде Кеңшілік ақынның өзіндік орны, үлесі бар. Бұл ретте ол шаппай бәйге алатын жүйрік» деп шынайы да орынды  баға бере білген. Сондай-ақ: «Халқымыздың салт-дәстүрлерін, тұрмыстық психологиясын поэзияда Кеңшіліктей қанық бейнелеген тұстас замандастары кемде-кем... Екіншіден, Кеңшілік поэзиясының күллі бояу сөлін, тілдік нәрін халық поэзиясының терең қатпарларынан алып, бойына сіңіріп отырады. Сондықтанда оның тілі барынша

құнарлы, үні қуатты. Ақынның қазақ поэзиясының ритмдік ньюанстары мен формалық канондарына қосқан өзіндік өрнек нақыштары да дербес етуге тұрарлық» деп те Кеңшілік шығармашылығының сырын жан-жақты аша түседі.

               Жазушы Аманхан Әлімовтың Кеңшілік ақын туралы төмендегідей пікірі де ерекше назар аударуға тұрады: «Лирик ақын Кеңшілік болмысынан үлкен эпикалық тыныстың да иесі еді. Онысы ұзақ-ұзақ толғау, балладаларынан ақ қылаң ұратын. Оқиға желісі, баяндау мәнері, жазу стилі өзгеге ұқсамайтын ол, еркін көсіледі. Жазғандарында кібіртік танытып, іркіліп, тежелуі кездеспейді. Сондықтан болу керек, ақын поэма жанрында да судағы балықтай сезінеді. «Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Қойшы мен космонавт», «Сарыөзек сағыныш» поэмалары соның айғағы. Аталған туындылардың қай қайсысы болсын тақырыптық жағынан үлкен жүк көтеріп тұр. Шымыр сомдалған Біржан мен Иманжүсіп образдары жан-жақты ашылған, сенімді, жүріп көргені, біліп сезгені еркіндік қана болған екі алыптың болмыс бітімі шынайы да сыршыл шертіледі. Кеңшілік поэмаларындағы диалогтарды оқығанда керемет шеберлікке таң қаласың. Оларда ақын кейіпкерлерінің жан дүниесін, бітім болмысын барынша ашады.

«Өкілі сегіз болыс. Жүз қаралы,

Төбе би төрде отырған сызданады.

Сескенбей ештеңеден Иманжүсіп,

Сотта тұр Қараөткелдің мұзбалағы.

- Ал, кәне, сөйле? - деді төрдегісі, -

Дейді ғой, осы өңірдің сен бөрісі.

- Ол рас, - деді сері,- сол бөрінің

Қор боп тұр кештеу түлеп көнтерісі».

«Иманжүсіп» Осы бір қас пен көздің арасындағы сөз қақтығыстан-ақ ақын өзінің кейіпкерінің алымдылығына қоса шалымдылығын, өжет ерлігін пайымдайды. Кейіпкер мінезін ашуда мін жоқ. Бұл қасиетті поэманың кез келгенінен байқауға болады» - дейді байқағыш сыншы. Кеңшіліктің ақындығы туралы лайықты тура бағасын бергендердің бірі – Қуанышбай Құрманғали. Ол Кеңшіліктің:

«…Жайлауға бірге барғанда,

Кезекпен әнге салғанда.

Кезіккенімді білмеппін,

Қадыр түн - қайран, арманға!» дейтін өлеңін мысалға ала отырып, былай дейді:

«Талантты ақынның тағы бір тамаша қыры оның өлеңдерінен қазақи иіс шығып тұратындығы. Авторына қарамай-ақ аңғаруға болатын осынау қасиеті сермегенін, шыққан биігінің заңғарлығын зерделейсің. Осы орайда Кеңшіліктің алқалы топқа атын танытқан, алғашқы кітаптарында жарияланған «Қайрақ», «Әубәкір туралы элегия», «Апам», «Анар», «Мөр», «Төлеутайдың төрт қызы», «Ақ көйлек», «Ваня», «Күлғайша», «Тобық», т. б. толып жатқан жырлары ойымызға оралып, жадымызда жаңғырады». Тағы да «Кеңшілік өлеңдерінде өрнектелген ұлттық мақам, бояу, қазақи сөз саптасы сыңғырлап тұратын. Сондықтан да естіген кісіні өлеңдетіп еліктіріп ала жөнелетін» дейді ол. Мен Қуанышбайдың Кеңшілік шығармашылығына берген әділ де, тура берген бағасына разы болдым. Өйткені Кеңшіліктің поэзия кеңістігінде шыққан биігін көп ақын сыншылар білсе де, көп алдында айтпай жүрген, немесе айтқысы келмей жүрген шындық еді.

             Иә, ҰЛТ АҚЫНЫ деп атауға кез келген ақын лайық бола бермейді, бермейді емес-ау, ол бір дәуірде бір немесе екі ақынға ғана бұйыратын талант. Ал, Кеңшілік Қуанышбай айтқандай сол дәрежеге даусыз және алдына жан салғызбайтын ерекше дарынымен

жетті. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген Ресейдің ұлы ақындарының бірі Сергей Есенинді орыс халқы мен орыс тілді оқырмандары орыстың ұлт ақыны ретінде қабылдады. Содан ба, Сергей Есенин дегенде, оған орыс орманының ақ қайыңы елестейтін болды. Қазір Сергей Есенин мен орыстың ақ қайыңы оқырмандарға синоним тәрізді қабылданады. Ал, мен үшін және басқада оқырмандары үшін Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдеріноқығанда қазақ даласының көдесі мен жусанының, жалбызының иісі аңқып қоя береді. Жаздың аптап аңызағында сағым кезіп жүрген сайын сарыарқасы мен сол далада еңбек етіп жүрген Әубәкір шебер мен Хайролла жыршы тәрізді ағалары еске түседі. Анау соғыс жылдарының азабын солармен бірдей көрген өзіміздің әкеміз бен шешеміз, осы әрқайсысымыздың сол кездегі үйіміз бен ауылымыз еске түседі. Оны ҰЛТ АҚЫНЫ дей алатынымыз да содан.

Біздің кейде өзіміздің ақын жазушыларымызды «классик» деп атауға қомсынатынымыз  бар. Ал, классикалық шығарма дегеніміз- поэзия мен проза жанрларының белгілі бір жоғары деңгейде жазылған формалары. Рас, ХІХ - ХХ ғасырларда орыс әдебиеті осы бір классикалық деңгейде жақсы дамыды. Дей тұрсақта, қазақ әдебиетінің өкілдері арасында да сол классик деп аталып жүрген орыстың ақын жазушыларымен иық тірестіретін, тіпті олардан да асып түсетін қазақ ақын- жазушыларының бар екенін айтқым келеді. Солардың бірі де,бірегейі де – дарыны бөлек ақын Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ. Кеңшіліктің кез келген лирикалық жырлары, балладалары мен поэмалары жоғарыдағы айтқан талаптар деңгейінен көріне алады. Сондықтан ба, мен Кеңшіліктің жырларының ешкім қайталай алмайтын керемет айшықты, бейнелі көркем тіліне таңғалам, тіпті ұлы суретшілердің ғана қолынан келетін ғажайып суреткерлігіне таңғалам, мен оның балладаларында, поэмаларында кейіпкерлерінің образын диалог арқылы шебер сомдауына таңғалам, мен оның балладасы болсын, поэмалары болсын көп сөзділікке ұрынбай, алып отырған тақырыбындағы дәуір кезеңін нанымды, шынайы суреттей білген бірегейлігіне таңғалам.. «Классикалық» дегеніміз осы.

                    Кеңшілік туралы жеріне жеткізіп айтқандардың бірі- Иранғайып еді:

«...Жаратқаны, жарылқағаны емей не дерсіз - өзі өліп жатып өлшеулі өмірін мәңгі өлмес өлең - жырының арқауы етсе?! Бұдан артық Адамнан не талап етуге болады?! Қанша «құдай» еді дегенмен Адамның аты - Адам -Пенде ғой, әрі кетсе - Ақын…

Ал, Ақынды «құдай» емес деп көріңіз?!

«Табаным талай шоқ басып,

Қып-қызыл отқа күйді ерін.

Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын

Салғызбай басқа сүйредім.

Салғызбай қайда барайын,

Артық деп едің мен кімнен.

Кең дүние еді сарайым,

Қор болмасыма сендім мен...»

Иә, «Кетті бір адам, Өтті бір ақын дүниеден, Сезімі мен сөзіне ғана сүйенген,..». Кеңшіліктің бұл дүниеден кеткенінеде жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Кезінде оның қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, тіпті ҰЛТ АҚЫНЫ атына лайық ақын екені айтылды.

              Сондықтанда ақын жырлары қазақ поэзиясының маржандары екені айқын. Бірақ ең өкініштісі оны, оның жырларын бүгінде еске алып жүрген оқырмандар аз, оқырмандар деймін-ау, кезіндеөзі ортасында жүрген жазушы-ақындар қауымы да аз. Неге?! Әлде, қазақ әдебиетінің өткен жолы бүгінгі ұрпаққа қажет емес пе. Қоғамымыздың бүгінгі осындай келеңсіз көріністерінен халқымыздың рухани әлемі жүдемес пе екен?!

          Рас, Кеңшіліктің ұлы Амангелді сыншы ақын әкесі туралы біраз дүниелерді айтты да, жазды. Бүгінгі күні бұл дүниеден өткен ақын жазушыларды тек туған туысқандары ғана іздеп жүр. Қоғамымызда әдеби мұраларды насихаттаудағы қалыптасып отырған осы келеңсіз көріністер дұрыс па?!. Келешек ұрпақтың поэзиядағы, өнердегі, өмірдегі эстетикалық талғамын қалыптастыруда, тәрбиелеуде Кеңшіліктей дара ақынның да жыр әлемімен жүйелі таныстырып, насихаттап отыру өте маңызды. Әдебиеттегі эстетикалық таным өнердегі эстетикалық таным тәрізді жастардың сұлулыққа, әдемілікке көзқарасын қалыптастыруда өзіндік орны бар. Әрине, бұл жалғыз Кеңшілік емес, осы күні ұмыт бола бастаған басқада қазақ әдебиетінің ұлы ақын жазушыларымызға қатысты айтылған сөз Өткен жылы болу керек, Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы университетте ұстаз болып қызмет істейтін бір інім «Қазір кітапханадан Кеңшіліктің кітаптарын іздеп жүріп оқитын жастар, студенттер  көбейіп келеді» деді. Соған едәуір қуанып қалдым. Бұл өмір заңдылығы. Өйткені шынайы жыр маржаны адамзат жадынан ешқашан өшпек емес, ол қашанда адамзаттың мәңгілік мұрасы болып қалмақ.

 

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ