Шымкенттегі мұнай зауытының жабылуы бензин бағасына әсер етуі мүмкін бе?
2018 ж. 11 сәуір
4475
3
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жұмысы тағы да тоқтатылды. Бұған жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болыпты. Осы істің бірінші кезеңі былтыр атқарылған. Енді екінші кезең басталып жатыр, - деп хабарлады КТК арнасы.
Мұнай өңдеу зауытының өкілдері журналистерге ашық сұхбат беріп жатқан жоқ. Олар таратқан қысқа ғана хабарламада зауыттың қуаттылығын күшейтетін жаңа кешенді құрылғыларды орнатып жатқанын айтқан.Бұл кәсіпорын бірнеше кезеңмен жаңартылу тиіс болатын. Былтыр бірінші кезеңін өткізген зауыт өкілдері жаңартудың екінші сатысын күзге қарай толық аяқтаймыз деп отыр. Олардың хабарлауынша, резервуарларда жанар-жағар май қоры жеткілікті көрінеді. Бірақ оның мөлшерін не зауыт, не жергілікті билік айтпайды. Облыстан біле алмаған мәліметті елордалық шенеуніктер де ашып айтпастан қысқа қайырды. Әрі кәсіпорынның бір айда қайта іске қосылатынын жеткізді. Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
- Жөндеу жоспарға сай жүргізілуде. Нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ мамыр айында қайта іске қосылады. Зауыттың тоқтауы не бюджетке, не елдегі жанар-жағар майға қатысты жағдайға кері әсер етпейді.
Үкімет өкілдері солай деп отыр. Вице-министрдің айтқанынан түсінгеніміз, бұл жерде жұрт дүрлігетіндей себеп жоқ.
Бірақ былтыр жыл соңында Павлодар мен Атыраудағы кәсіпорындардың үзілісінен кейін еліміздің түкпір-түкпірінде бензин тапшылығы білініп, жанар-жағар май іздеп кеткен жұрт әуре-сарсаңға түскені әмбеге аян. Ал халықтың қазір шенеуніктердің тапшылық та болмайды, баға да өспейді деген құр сөзінен сенуден қалғаны жасырын емес. Оның үстіне мұндай кезде алып-сататын пысықайлардың белсенділігі артатыны белгілі. Олар бағаны қолдан қымбаттатып, тапшылықты да қолдан жасауы мүмкін. Сондықтан, жанар-жағар май жырынан зәрезап болған жұртқа нақты кепілдік керек сияқты.