Ақтөбеде журналист қаза болған лифт таяуда ғана жөндеуден өткен
2018 ж. 06 сәуір
2531
6
Ақтөбе қаласында ішінде жас журналист Айзат Әбдісамат қаза болған лифт таяуда ғана жөндеуден өткен. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне пәтер иелері кооперативінің төрағасы Кенен Ақтайұлы айтып берді.
Ақтөбе қаласы 12 ықшам ауданындағы көпқабатты үйде болған қайғылы оқиға әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге арқау болуда. Бірі кішкентай қыз лифт ішінде болған десе, екіншісі, анасы лифт істен шыққанын біліп, қызын құтқару үшін оны сыртқа шығарып үлгерген деген пікірде. Қаза болған Айзат Әбдісаматтың туысы Ысқақ Қарашолақовтың айтуынша, қазіргі кезде олар оқиғаның қалай болғанын, лифтінің техникалық жағдайы туралы сұрастырып жатыр. Әзірге оқиға қалай болғаны белгісіз.
«30 наурыз күні лифтінің тросы ауыстырылып, іске қосылды. Бес күн бойы үздіксіз жүріп тұрды. Кеше қайғылы жағдай тіркелді. Үй 1987 жылы салынған. Біз 2015 жылдың сәуір айынан бастап қызмет көрсетіп жүрміз. Лифтіге ешкім күрделі жөндеу жүргізбегендіктен, ол әбден тозығы жеткен. Біз кейбір бөлшектерін ауыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрдық»,- деді пәтер иелері кооперативінің төрағасы Кенен Ақтайұлы.
Айта кетейік, көпқабатты тұрғын үй 80-жылдардың аяғында қолданысқа берілген. Ал лифт таяуда ғана кезекті жөндеуден өтті.
Еске салсақ, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Қаза болған Айзат Әбдісамат бірнеше жыл бойы «Ақтөбе» телеарнасының бірнеше бағдарламасын жүргізген.