Аружан Саин 7 жастағы балаға қатысты жаңа деректерді жариялады
2018 ж. 04 сәуір
7319
56
Қоғам қайраткері Аружан Саин Абай ауылының 7 жастағы тұрғынына қатысты жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Абай ауылының 7 жастағы тұрғынына қатысты кезекті тергеу жұмыстары жүргізілді. Оған қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Олар – Грузия, Қырғызстан және Ресей мамандары.
Сот процесі мен тергеу жабық режимде жүріп жатқандықтан, барлығынан ақпаратты жарияламау туралы қолхат алынды. Тергеу объективті жүргізіліп, шынайы қорытынды жасалады деп сенеміз.
Барлық түсіндіру жұмыстарын тек ҚР Бас прокуратурасы ғана жүргізеді. Алдағы уақытта басқа сараптама жасалады», – деп жазды Аружан Саин.
Ол ана мен балаға көмектесіп жүргендер көп екенін айтады.
«Ана мен бала үшін бұл өте маңызды. Анасы қолдау білдіріп жүргендерге алғысын білдіреді. Әрине, анасына қазір өте қиын. Ол баласын соңына дейін қорғауға әзір», – дейді Аружан Саин.