Қостанай облысында өрт қауіпсіздігін бұзған аудан әкімдігі жауапқа тартылды
2018 ж. 30 наурыз
2032
0
Қостанай облысының Ұзынкөл аудандық сотында осы аудан әкімінің аппаратына қатысты өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұзынкөл ауданының төтенше жағдайлар бөлімі Ұзынкөл ауданы әкімінің аппаратында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексерді. Соның қорытындыларына орай анықталған кемшіліктерді жою туралы ұйғарым шығарылған», - дейді облыстық соттың өкілдері.
Бірақ белгіленген мерзім ішінде олқылықтар толық жойылмаған. Осыған байланысты соттың шешімімен «Ұзынкөл ауданы әкімінің аппараты» ММ әкімшілік жауапқа тартылып, 100 АЕК (240 мың 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Анықталуынша, әкімдіктегі тексеріс 2017 жылдың тамызында жүргізілген.