ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ АЯНЫШТЫ ХАЛІ

Жә, шын мәнінде Құранның жоғарыда қысқаша ғана келтірілген тәуелсіздік, еркіндік концепциясы қазіргі дәуірде мұсылман әлемінде қалай көрініс тапқан? Мұсылмандар шынымен де толық тәуелсіздікке қол жеткізе алған ба? Ислам үмметі кімге құлдық қылуда және кімнен жәрдем сұрауда? Мұсылмандар қалай күн көруде, кімге жалбарынуда? Сәл осы мәселелер төңірегінде ойланайық, ағайын. Алдымен сіздерге қазіргі Ислам әлемінің шынайы хал-ахуалы туралы Ислам Конференциясы ұйымының (ИКҰ) есептерінен бірнеше дерек келтірейін: Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында. Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш (http://www.oic-oci.org/member_states.asp). Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.