Ауасыз, сусыз өмір сүру қалай мүмкін болмаса, жерсіз өмір сүру де солай мүмкін емес! Жер лаңының басы қайда жатыр?

0
2858

                        

Жер әлдекімнің меншігі болуы мүмкін деген сөз, – құлдық қаншалықты әділетсіздік һәм қатыгездік болса, тап сондай әділетсіздік һәм қатыгездік. Жерге меншік етуге ешкімнің құқығы жоқ. Ауа мен күн тәрізді, жер де – баршаның игілігі, сондықтан ол ешкімнің де меншік заты бола алмайды. Жерді сату – тұлғаны құлдыққа сатудың жасырын түрі. Адамға меншік ретінде иелік етудің жерге меншік ретінде иелік етуден гөрі әділетсіздігі аздау. Жерге меншік ретінде иелік ету – жаратылысқа ең қайшы келетін қылмыстың бірі. Бұл қылмыстың жексұрындығы – ол, біздің әлемде, құқық болып мойындалып кеткендіктен ғана байқалмайды. Жасаған Иеміз жаратқан жерді сату – барып тұрған БЕЙБАСТЫҚ.

Лев Толстой

 

 

Көк Байрағын көтеріп, өз алдына отау тігіп жатқан Қазақстанда ыдыраған Одақ, құлаған Кеңес Үкіметінен біздің халқымыздың тағдырына  тікелей қатысты «Жер, оның қойнауы, су және өсімдіктер, сондай-ақ жануарлар, – басқа да табиғи байлық тек қана мемлекет меншігінде болады» деп аталатын Қазақстан Реcпубликасы Конституциясының 46-шы бабы мұралыққа қалып еді. Бұл бап – Құдай өмір берсе, біздің ата-жұртымызда өсіп-өніп, көбеюіміздің, – өлсек, сүйегіміздің ата-жұртымызда қалуының бірден-бір кепілдігі болатын. Яғни, Ата Заңымыз – Конституция бойынша, жер – мемлекеттікі, ол еш уақытта, ешкімге сатылмайтын еді. Ал, оған «Шетелдіктер қол сұғады-ау!» деген ой, тіпті, қаперімізге де кірмейтін. Жетпіс жылдан астам уақыт ішінде, айнала анталаған жаудың ортасында отырып, іштен де сырттан да үздіксіз жасалынып жатқан қарсылықтарға бой алдырмай, бір емес, бірнеше мемлекетті бір Тудың астында жиып ұстап келген Кеңес Одағының мықтылығы, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, оның, осы Жер иелігінің формасына

қатысты шығарылған заңнамаларының пәрменділігінде- тұғын.

              Демек, жер мемлекет иелігінде болса, қай-қай елдің де керегесі бүтін, іргесі тұтас тұрмақ. Жерге қатысты қағиданың қазығы – міне, осы!

            Осы қағиданы ұстанып, осы тәртіпке бағынса, сөз жоқ, Қазақстан да өзгелермен терезесі тең, қатардағы мемлекеттердің біріне қосылып кетер еді, әрине. Әттең, не керек! Орталықтың бұғауынан босанып, басжібі басына түрілген біздің Қазақстандық басшылар мұны мақсат тұтпады. Олардың көздегені Қазақстан жерін, қазына байлығымен қоса, қайтадан бөліске салып, дүниежүзілік сауда орталығының базарына апарып сату, сол арқылы баю. Яғни, біз, қазақстандықтар, мемлекетті – «Қондырғы», жерді оны ұстап тұрған «Тұғыр» десек, сол тұғырды сауданың қайнар бұлағына айналдырдық. Қайнар бұлақтың басындағылардың, яғни, жерге қатысты сауданың тұтқасын ұстағандардың, былыққа белшесінен батып, кісілік келбеттен айырылып қалған бүгінгі кескіндеріне қарамастан, әлі күнге дейін, әлем алдындағы бағасының бір мысқал төмендемей, өскен үстіне өсе түсуі осы себептен деп біліңіз. Қазақстанның ұшқан құстың қанатын талдырар ұлан байтақ жері мен қазына байлығы кімдердің сілекейін ағызбаған, кімдердің көзін қызықтырмаған?!

                 Дүниежүзілік стандартпен есептесек, жаппай жер сату құбылысы еш те бір мемлекеттің тарихында кездеспейді екен. Тіпті, «демократияның бастауы» деп танып, қит етсек, мысалымызға келтіріп жататын сонау Америкамыздың өзінде әншейін бір банктік айналымдарды реттеп отыруда басы құрбандыққа байланған Аргентина секілді телпектей ғана территориялар болмаса, жалпы жер атаулының бәрі – мемлекеттің меншігінде тұр. Ендеше, «Жер жеке меншікте болмаса, оның бетінде құрылған жеке шаруашылықтарды дамытып, алға бастыра алмаймыз» деген саңдырақты кім айтып жүр!? Я болмаса, Қазақстанда, көптеген өндірістердің иелігі шетелдіктердің қолында бола тұрып, олар иеленіп отырған фабрика-заводтардың жер табанын, оның төңірегіндегі белгілі бір территорияларымен қоса, сол фабрика-заводтардың жеке меншігіне өткізіп жіберетіндей заңдылықтарды бекіту үшін қаншалықты білім мен ақыл-парасат керек?  Және оны істеп отырған адамдар кімдер? Оларды біз кім деп бағалаймыз?! Сондай-ақ, жоғарыда өзіміз көрсетіп кеткен сонау Кеңестер Одағы кезінде шығарылып, кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында (1993 жыл, 28-қаңтар) қайта бекітілген мемлекеттің ең басты кепілдігі Жерге қатысты бапты бұзып, оны «Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» дегенмен (1995 жыл, 30-тамыз) ауыстырушылар кімдердің мүддесіне қызмет етіп отыр?! Халықты жерсіз, қара табан құлға, мемлекетті тұғырсыз, кім болса сол домалатып әкете беретін қаңбаққа айналдыруға кімнің дәті барды? Және өзінің жеке бас тағдырына тікелей қатысты мұндай масқарашылыққа қалың бұқара неге немқұрайды қарады? Басқасы басқа,

сонау 1994 жылдарда, яғни, бір Парламент таратылып, екінші Парламент сайланғанға дейінгі аралықта президент Н.Назарбаевтың халықтық өкілеттілікті жамылып шығарған, ал, бүгінгі күні бүкіл жер саудасының негізіне айналып отырған «Жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы», «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» деп аталатын пәрменді Қос Жарлығына кезінде неге тосқауыл қойылмады? «Жер сатылмасын» деген қағидасымен  алынбас қамалдай боп көрінген халықтық Ата Заңымызды президенттің жеке Жарлығымен бұздыруға, сөйтіп, Жерді сатуға болатын Конституциялық негізде жаңа заң қабылдатуға мүмкіндік туғызуға қандай қақымыз бар еді? Жарлықтағы «Жер телімінің мұралықпен өмірлік иелену құқығын сату» дегеніңіздің – жерді сату механизмдерінің, ал, «Жер телімінің пайдалану құқығын сату» дегеніңіздің жерді ұзақ мерзіммен жалға беру механизмдерінің бастапқы тетіктері екенін неге ескермедік?!

        Кезінде, анығырақ айтсақ, президент Назарбаевтың қос Жарлығының шығары алдында, «Жер қатынастарын реттеу және жерге орналастыру жөніндегі» мемлекеттік комитеттің сол кездегі төрағасы Ббақыт Оспанов: «Жерге деген конституциялық негіздегі мемлекеттік меншікке әсер етпейтін қарапайым жол табылды», деп, Жарлықтарда Жер сатуға қатысты белгіленген баптарды барынша бүркемелеп баққан болатын. Алайда, жердің мемлекеттік меншіктілігіне әсер етпейтін қарапайым жол оның пайдалану құқығын мұралыққа сату болса, онда Жердің сатылмаған несі қалды?! Бүгінгі күнгі ел ішінде туындап отырған лаң мен дүрбелеңнің түп-тамыры соларда жатқанын біз неге жасырамыз? Ендеше, халық тарапынан Назарбаев пен оның «қорғаушысы» Бақыт Оспановтардан неге есеп сұралмайды?! Не жасыратыны бар, жоғарыда көрсетілген Заң актілерінің негізінде жүзеге асырылған «Агрореформа» атты алпауыт операция ауылшаруашылығы жүйесінің бүкіл саласын қиратып, елге келтірген зардаптарының салмағымен есептесек, халықты сонау 1928 жылғы кәмпескеге бергісіз сұмдық халге ұрындырды. Қазақ халқы қолдағы мүлік, қорадағы түлігінен айрылып, қайыршылық халге жетті. Осындай қалжырап отырған қиыншылық кезеңде шетелден келген келімсектер мен шетелдік инвесторлардың жерді аукциондатып отырып, көтеріп әкетуі таң қаларлық нәрсе ме? Жоқ, әрине!

              Заң бойынша, «Жер шетелдіктерге сатылмайды» дегенмен, әңгімеміздің басында айтып кеткеніміздей, Қазақстандағы шетелдіктер тұрғызған өндірістер арқылы соның табанының астындағы жерді сіңіріп әкетудің жолдары әбден қарастырылып қойылған. Олай болса, Қытай Халық Республикасы мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге Қазақстаннан 1 млн. гектар жер беруді сұрауы, және оны президенттің халыққа ашық түрде жариялауы тегін нәрсе емес. «Қытайға жер сатпаймыз! Оларға жалға беретін жеріміз жоқ!» деп, ұлт жанашырлары шеруге шықса, бұл әрекет Отанды, елді қорғау үшін жасалған игі шара деп түсініңіз. Бұл мәселе бойынша Жармахан Тұяқбай бастаған ЖСДП партиясы, Болат Әбілов бастаған «Азат» партиясы, Владимир Козлов бастаған тіркелмеген «Алға!» Халықтық партиясы, тағы да басқа жекелеген азаматтардың қолдауымен өткізілген «Сарыарқа» кинотеатры жанындағы жалпыхалықтық митингінің бір сағаттық уақыты ішінде халыққа қаратып сөз сөйлеген азаматтардың ауыздарынан шыққан лебіздерін таразыға салып, жартысы заңды, жартысы заңсыз деп екіге бөліп қарап, саяси баға беру – кісі күлерлік-ақ нәрсе. Ал, иін тірескен әскермен келіп, митингіге қатысқан азаматтарды жаппай тұтқындап, шетінен сотқа тарту – Үкімет үшін бұдан асқан сорақылық жоқ, әрине. Оның ішінде «Президентке импичментжариялау керек» деген сөзі үшін жазалау елге де, елдің басшысына да абырой әкелмейтін тірлік. АҚШ демократиясының атасы, осы елдің алғашқы президентінің бірі Томас Джефферсон «мен туралы жағымсыз пікір айта алу үшін ғана халыққа еркіндік беруге тұрады» деген.

               Сөзіміздің соңын қорыта келе, айтарымыз – Жер – халықтікі! Ауасыз, сусыз өмір сүру қалай мүмкін болмаса, Жерсіз өмір сүру де солай мүмкін емес.

 

Айсұлу ҚАДЫРБАЕВА

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз