СУДЬЯ АЛДЫН-АЛА ДАЙЫНДАП ӘКЕЛГЕН ШЕШІМІН ОҚЫП БЕРДІ...

d0b5d180d0bcd0b5d0ba-d0bdd0b0d180d18bd0bcd0b1d0b0d0b5d0b2-d0bfd180d0b5d0b7d0b5d180d0bcd0b5d0ba           

              Осының алдында ғана БАҚ-тың хабарлағанындай, үстіміздегі жылдың 30-шы қаңтары күні жер мәселесіне байланысты «Сарыарқа» кинотеатрының жанында өткен митингі соңында, халыққа қаратып сөз сөйлегені үшін тұтқындалып, қамауға алынған «Арман» жастар қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевтың үстінен екі бірдей іс қозғалды. Оның бірі – митингіден он күн бұрын оның «Көшеде рұқсат етілмеген шеру ұйымдастыруына байланысты» деп, ал, екіншісі – жоғарыда айтқан 30-күнгі митингіден кейін халыққа қаратып сөз сөйлегеніне байланысты, «Рұқсат етілмеген митингі мен шеру ұйымдастырғаны үшін»  деп аталды.

 

                     Тағылған екі айыптың екеуі де, қып-қызыл жала! Бұқараға түсінікті болуы үшін қысқаша баяндай  кетейік. 20-қаңтар күні «Арман» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен, жабық ғимаратта, сексенге жуық адам қатысқан үлкен жиналыс болады. Жиналыстың күнтәртібінде қаралған мәселе – Қазақстан жерін Қытайға ұзақ мерзімменен жалға бергізбеу. Күнтәртібіндегі көтерілген мәселені талқылай келе, шығарылған шешім: айтулы мәселеге байланысты қарсылықты тоқтатпау және пресс-конференцияға шығып, бұл жағдаймен жалпы халықты дереу құлақтандыру. Осы мақсатпен, жиналыстан кейін, біраз азамат Фурманов көшесі мен Қарасай батыр көшесінің қиылысындағы ұлттық пресс-клубын сұрап алуға оның басшысы С.Матаевпен сөйлеспекші болады да, сонда беттейді. Ересектер жолшыбай іліккен көлікке отыра-отыра кетіседі де, пресс-клубқа қарай тарта жөнеледі. Машинаға ілікпеген 5-6 жігіт, оның ішінде Ермек Нарымбаевтың өзі де бар, іркес-тіркес жаяу кетеді. Міне, бүгінгі күні жаяулатқан 5-6 жігіттің Ғылым Академиясынан пресс-клубқа дейінгі жүрісі «Көшеде рұқсат етілмеген шеру өткізу» деген атпен Ермек Нарымбаевтың мойнына айып болып таңылып отыр. Таңылған осы айып бойынша Ермек «Сарыарқада» өткен митингіден ұстап әкелінген күні сотталып, 10 күнге абақтыға жабылды.

                Осыған орай, Ермек Нарымбаевты қуғын-сүргіннен қорғау мақсатында құрамында Ермектің зайыбы Зоя Нарымбаева, Мақсұт Оразай, Жасарал Қуанышәлин, Гүлбаһрам Жүніс, Тамара Сатыбалдина, Айгүл Қохаева, Ғалымжан Оспанов, Мұхаммед Құдысұлы, Геройхан Қыстаубаев, Ғалия Ермұқанова, Қанағат Тәнеева, Шынар Мыңбаева, Сәкен Мәсенов, Құралбек Ақназаров бар, - біраз адамнан арнайы топ құрылып, іске кірісті.

            Бұл топ өзінің алғашқы жұмысын қаңтардың 31-і күні кешкілікте «Ермекке сот жасайды» деген суыт хабар жетуіне байланысты, Лобачевский көшесі, 10-үйде орналасқан қабылдағыш-реттегіштің қақпасын күзетуден, соның полиция қызметкерлерімен еш нәтиже бермеген келіссөз жүргізуден бастауға мәжбүр болды. Қақаған қыстың алды түнге қараған қытымыр аязында екі жарым сағаттай уақыттыдалада өткізген қорғаушы топ соттың сол күні болмайтындығы жөніндегі хабарды сағат 21.30-дарда ғана алып, үйді-үйіне тарасты. Ал, енді, сол күннің ертесіне «Сот сағат таңғы 10.00-де Ауданаралық мамандандарылған сотта өтеді екен» деген хабармен аталмыш уақытта сонда жыйналған «жедел топ» Ермектің адвокаты Әминә Тұрғынмен бірге сағат 15.00-ге дейінгі уақытын сарыла күтумен өткізді.

         Ақпанның 3-і күні да сағат 10.00-ге тағайындалған сот тағы кейінге қалдырылды. Оның себебі – сағат 12-ге таман Ермек Нарымбаевты сотқа алып келген полицияның дайындаған құжаттары дұрыс болмай шығып, судьяның ол қағаздарды қабылдамай жіберуі болды. Сөйтіп, бұл жолы да бекер шаршаған қорғау тобы сағат 1500-ге дейін сот ғимаратында бекерге сандалды. Кімді де болса, әбден мезі етіп, титықтатып қана қоймай, өздерінің ешкімді адамға санамайтын халыққа қарсы келеңсіз «келбеттерімен» түңілдіріп, жиіркендіретін полиция мен соттың мынадай үш күндік сүреңсіз әрекеттерінен, дәлірек айтқанда, әрекетсіздіктерінен соң, әупіріммен, ақпанның 4-і күні сағат 10.00-ге тағайындалған сот уақытынан екі сағат кешігіп  барып басталды, әйтеуір. Өкінішке орай, судья Келдібаев Ғылым Петровичтің асқан айлакерлігінің «арқасында» бұл сот процесі де өзінің шектен шыққан заңсыздығы, һәм әділетсіздігімен өшпестей боп есте қалды!

Бұған дейін де әр кезде оппозиция қайраткерлеріне қарсы ұйымдастырылған сот процестерінде әбден «маманданып» алған бұл «Фемида қызметшісінің» іс-әрекеттерін суреттеп беруге газет көлемі көтермес. Сондықтан, ол міндетті арнайы мақаланың жүгі ретінде сәл кейінге қалдыра тұралық та, іс қорытындысына көшелік. Сонымен, Ермек Нарымбаевтың 30-қаңтар күні «рұқсат етілмеген митингі мен шеру ұйымдастырғандығы» жөнінде оны айыптаушы жақ – полиция мен прокурор бір де бір дәлел келтіре алмай, ал, айыпталушыны қорғаушы жақ – адвокат пен куәлар, керісінше, оның кінәсіздігін толық дәлелдеп шықса да, бүкіл сот барысында өзінің оларға қарсы екендігін жасыруды  да қажет деп санамаған және қоғамдық қорғаушыларға сөз беруден көпе-көрнеу бас тартқан судья Келдібаев, Ермекті... 14 күн қамауға алу жөнінде шешім қабылдап тынды! Ол, тіпті, заң бойынша кеңесу бөлмесіне баруды да керек қылмады. Яғни, өз шешімін алдын-ала дайындап әкелгендігін жасырмастан, оны сот біткен бойда, столдың астынан шығарып, ашықтан-ашық халыққа оқып берді!

             Бұдан кейін мұндай сотты қалайша «сот» деуге болады?! Әлбетте, мұның сот емес, «сот» атағын жамылып және заңды табан астына таптап, «жоғарғы» жақтың саяси тапсырыстарын мүлтіксіз орындау үшін ғана құрылған қарапайым «контор» екендігіне еш күмән қалмады.

 

 

Ермек Нарымбаевтың

қоғамдық қорғаушысы

Жасарал ҚУНЫШӘЛИН