ЖАМАНЫМЫЗДЫ ЖАСЫРЫП, ЖАҚСЫМЫЗДЫ АСЫРАЙЫҚ

1
1218

               d0bad0b5d0bbd196d0bd-d184d0bed182d0be-1

                 Ат екі жолмен, яғни жақсы немесе жаман жолмен шығады екен. Әр жазушы, ақын, драматург қолына қалам алып жазуға кіріскенде ол еңбегінің алдына қойған мақсаты болуы керек-ау. Бүгінгі мына өзімізді шет елдерге таныстыру кезеңінде қойылатын мақсат біреу-ақ ол: өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, қазақ болып туғанын мақтан ететіндей дүние келтіру деп ойлаймын өз басым. «Қазақфильм» киностудиясынан сіз бен біздің есебімізден шыққан «Келін» киносын қоюшылардың мақсаты аттарын өз халқының намысына тиіп, арын жерге таптау арқылы шығару болғаны ма? Әлде тиын табу ма? Ақша көрсе жерін сатқан былай қалып туған баласын да сататындар пайда болды емес пе бүгін. Осылай арам ақша табуға байланысты бір оқиғаны баяндай кеткенді жөн көріп отырмын. Аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы әйгілі Мұхаммед Әлиге бір пысықтар келіп жеті секунттық қана жарнамаға түсуін өтініпті. Сол жеті секунттық жарнамаға түскені үшін жарты миллион доллар беретінін айтыпты. Бір миллион доллар үшін бір жыл бойы дайындалып 15 раундтық жекпе-жекке шығатынын ескерген Мұхаммед Әли келісімін беріп, тиісті келісім-шартқа қол қойыпты.               

     Жарнамаға түсетін сәтте ғана темекіні жарнамалайтынын білген Мұхаммед Әли әлгі жарты миллиондық келісім-шартты қақ айырып лақтырып тастап бұрылып кетіп қалған екен. Міне, бүгінгі буын, біз, халқымыздың намысы, ары үшін осындай ерлік жасайтын ерлердің шығуы үшін еңбек етуіміз керек сияқты. «Жас қазақ үні» газеті (№5 (430) 02.02.2010) «Бір киноға – екі пікір» деген бөлімде Қайрат Есжанов деген азаматтың «Керемет «Келін» атты мақаласын және менің «Қазақфильм» «Мазақфильмге» айналмаса игі еді…» деген мақаламды қатар беріпті. Қандай пікір болса да өмір сүруге құқы бар екенін түсіне отырып, Қайратты тауып алып жолықтым. Екеуіміз бір сағат көлемінде әңгіме-дүкен құрдық. Ол бұл киноның керемет екенін дәлелдемек болды, мен керісінше келеке екенін дәлелдеп бақтым. Ол рас нәрсе ғой, табиғи нәрсе ғой деп дәйек болды Қайрат. Табиғи болса, онда одан да сорақы нәрселерді күллі әлемге жариялайық, тіпті үлкен дәретке барып отырғанымызға дейін киноғатүсірейік дедім. Осы сөзден кейін Қайрат үнсіз қалды. Не ойлағаны маған беймәлім. Әңгіме соңында «Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырайық», «Өзімізді өзіміз жаттай сыйлайық, жат жанымыздан түңілсін», «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді, өшер елдің баласы бірін бірі қатын дейді» деген дана ойлар төңірегінде тоқтастық. Қазақи қонақжайлылықпен Қайрат маған шай ауыз тигізді. Ол орыс мектебін бітірген, ал мен қазақ мектебін бітірген болып шықтық. Бәлкім, пікірдің екі жаққа кетуі осы жерден бастау алатын сияқты. Яғни, Қайрат қазақша сөйлей алса да түсті орысша көреді, мен басқа тілдерде сөйлей алатындығыма қарамастан, қазақша оқып өскендіктен қазақша ойлап, қазақша түс көремін. Қайрат үшін келіннің үш еркекпен алма-кезек, оның ішінде қайнысымен де төсек қатынасына баруы, еркектің ешкімен жыныстық қатынасқа түсуі керемет нәрсе болса, мен үшін бұл барып тұрған азғындық. Тіпті аң екеш аңның, хайуанның да кей түрі ондай азғындық әрекетке бармайтыны белгілі емес пе. Кей ұлт өкілдерінің ішінде бір жанұя түгелдей бір моншаға бірге түсе береді екен деп еститінмін. Жеті байдан қайтып келген  әйелді сегізінші байы болып ала беретіндерді де көріп жүрміз қазіргі заманда. Ал қазақ табиғаты үшін мұндай қылықтың бәрі жат нәрсе. Қазақтың келіні ата, енесінің көзіне тура қарамаған, ертеңгісін сәлем еткен, жатарда аяғын жылы сумен жуып берген, аталарының атын атамағандығымен қатар қайындарының, қайынсіңлілерінің де аттарын атамаған, денесін ашық ұстамаған. Рас, жеңгесін қайнысы емесе келінін қайнағасы жар етіп алатын әмеңгерлік дәстүр бар қазақта. Ондағы мақсат жесірін жылатып, жетімін жасытпауда болған ғой. Күйеуінің көзіне шөп салған әйелді «Келін» фильмінде суреттегендей босандырып алып, баласына бөрі сүтін бермек түгілі ат құйрығына байлап жіберген емес пе бабаларымыз. Мұсылмандар ондай әйелге қауым болып тас атқан. Міне, біздің кей режиссерсымақ, драматургсымақтарымыз осындай дәстүрді білмейді, білсе де бізге жамандық ойлаған бәз біреулердің «құрметіне» бөленіп, қалтасын қомдау үшін білмегенсиді. Ондай жандардың мақсаты ұрпақты аздыру, тоздыру.

          Студент болып жүріп бір шопанның қойын төлдетуге барғанда, алып қашып кеткен жігіттің үйіне кіргізе бергенде, шашу шашқалы тұрған келіншектің қолындағы шыны ыдысты сындырып, өз ішін тіліп жіберіп өзі сүймеген адамға әйел болудан аман қалған бір құдашам бар. Қазір өз сүйгенімен балалы-шағалы болып өмір сүруде. Сол сияқты 16-20 жас аралығында ері соғысқа кетіп шәйіт болғандығын біле тұра өле өлгенше сол жарына адал болып, басқа адамға тұрмысқа шықпай қойған аруларымыз аз ба?! Немесе «Етімді шал сыйпаған құрт жесін деп…» құздан секіріп өлген аруларымыз туралы ұмыттық па?! Міне қазақтың осындай аруларының тағдырынан садаға кетсін «Келін» сияқты кинодағы келіндер. Әттең режиссер болсам шіркін, менің құдашам сияқты ары таза, еріне адал арулар туралы көп сериялы фильмдер қояр едім. Сонда бүгінгі көріп жүрген сериалдарыңыз күресінде қалар еді-ау. Әй, білмеймін, мына режиссерсымақтар менің ызамды келтіре берсе, тіпті шын мәнінде керемет кино қойып та жіберуім ғажап емес-ау, сірә.

 

          КЕРЕМЕТ ЕМЕС, КЕЛЕКЕ ЕТКЕН «КЕЛІН»

                Әрине, «Келін» фильміндегі күркені мекен еткен, қодас мінген, қырық қабаттап аң терісіне оранған, өлген адамды ағаш басына іліп қойып құсқа шоқытқан пенделердің (кешірерсіздер, адам деуге ауызым бармайды, себебі «Адам» деген ардақты ат қой) текті де дана, батыр да дархан, жеті атасына дейін қыз алыспаған (мұның даналық екендігін әлем мойындап отыр) қазаққа қатысы жоқ. Солай бола тұра бұл киносымақтың «Қазақфильмнен» шығуы, Қазақстан халқының қаражатына шығуы, қазақша аталуы, қазақтың халық әнінің берілуі мені назаландырып отыр. Шетелдіктер қайдан білсін біздің жылқыны ең алғаш қолға үйреткендігімізді, аспан әлемінің қожасы қыранды қолға ұстап аңға салатындығымызды, еуропаға адамдарына шалбар кигізгендігімізді, қазіргі скрипканың атасы қобызды ойлап шығарғандығымызды, екі ғана ішекті домбыраны ойлап шығарып күй арқылы түсінісе беретіндігімізді, сол домбырада әлемнің классикалық шығармаларын ойнай беретіндігімізді, әп-сәтте әнін, сөзін, мағынасын, ұйқастығын топтай салатын, басқа бір де бір халықта жоқ айтысымыздың бар екендігін, құдайы қонаққа өз балаларының ауызынанжырып соңғы дәмін татқызатындығымызды, тасаттық жасап жаңбыр жаудыратындығымызды, болашақты түс арқылы болжап, біліп отыратындығымызды, Баяндай, Еңліктей сүйгендерінің соңынан өлген аруларымыздың бар екендігін, Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын, Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Жәнібек, Барақтар сияқты батыр ерлеріміздің, Отан үшін жандарын қиып қыршын кеткен Әлия мен Мәншүк сияқты батыр қыздарымыздың бар екендігін, сол батырлар туралы жырды үш күн, үш түн жатқа жырлайтын жыршыларымыздың бар екендігін, жауласқан екі елді бір-ақ ауыз сөзбен татуластырған Төле, Әйтеке, Қазыбек сияқты билеріміздің бар болғандығын (Үш биіміздің біреуіне де «Қазақфильмнен» шыққан «Көшпенділер» киносынан бір минуттық та орын табылмаған). Қайсы бірін айтайын ағайын. Осы тізіп шыққан жақсыларымыздың бәрі бір-бір кино емес пе халқын сүйген, қазақ рухты кино түсірем деген адамға?!

              Ақылы арттан арыға бармайтын, көзі кіндіктен төменгіні ғана көретін, бар еңбегін бөксенің маңайына ғана бағыттайтын пенделеріміздің туындыларын ауыздықтауымыз керек сияқты, ардақты бауырластар. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызды аздырып аламыз да бүгінгі замандастар сол азғындықты көзбен көруге дәтіміз бармағандықтан өмірмен қоштасуға асығуымыз мүмкін.

               Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке «Көкжал Барақ батырдың 7-ұрпағы Жиынбектен 7 сұрақ», атап айтқанда:

1.«Тәуелсіздік сарайында» тәуелсіздік туралы баяндама жасай тұра, сол тәуелсіздіктің жемісін жеуді біле тұра ата-бабаларымыздың аруағын мазалап, мүсіндерін далаға лақтырып тастап мазақ етуді қалай түсіндіресіз?

2. Жәнібек хан, Керей хан және хан батырлары мүсіндерінің болашақ тағдыры не болмақ?

3. Ділімізге жат «Келін» фильмінің мемлекеттің қаражатына және «Қазақфильм» киностудиясынан шығуына кім себепкер болды?

4. «Келін» фильмін американдық «Оскар» киноакадемия жүлдесіне кім ұсынып отыр?

5. «Келін» фильміне мемлекеттен  қанша қаражат шығындалды?

6. «Анайы түрде шығып жатқан, жастарымызды азғындыққа итермелейтін фильмдер қашан, қалай ауыздықталады?» деп үстіміздегі жылдың 25-қаңтарында хат жолдағанмын. Заң бойынша ол хатқа 15 күн ішінде жауап алуым керек. Бұл сұрақтар қоғамды алаңдатып отырған сұрақтар болғандықтан, Алла қаласа жауабын алғаннан соң оны да газет бетіне беру ойымда бар.

            Осы мақала Қайрат сияқты «кино сүйер азамат», керемет фильм көргіш бауырларыма және де не жазсам екен деп жүрген драматург, не қойсам екен деп жүрген режиссер замандастарыма ой салған болар деймін.  Еріксіз жазып отырған мақаламды аяқтай келе, Қазақ деген атымызды ардақтап тек жақсы жағынан шығарайық, әр жерде бір тентек жүреді ғой ондай тентектерімізді қоғам болып жабайылықтан жақсылыққа, адами қасиеттілікке тәрбиелейік, бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан әлем халықтарын Қазақ болып тумағандығына өкінетін, ал өзіміз Қазақ болып туғанымызға мақтанатын уақытқа бір жетейік дегім келеді дана ойлы, дархан көңілді, батыр рухты, текті Қазағым.

 

Жиынбек РӘБІЛҰЛЫ

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз