Қытай қорғанысқа қанша қаражат жұмсайды?
2018 ж. 05 наурыз
2315
4
Қытайдың қорғаныс саласына бөліп отырған қаражаты әлемдегі озық елдерге қарағанда төмен. Бұл туралы жексенбі күні Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 13-ші шақырылымы 1-ші сессиясының ресми өкілі Чжан Есуй баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуаға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қытайдың ұлттық бюджеттік шығындары мен ЖІӨ-дегі қорғаныс бюджетінің үлесі әлемдегі басқа да алдыңғы қатарлы елдерден төмен. Елдің жан басына шаққандағы әскери шығындары да басқа жетекші елдермен салыстырғанда аз.
Чжан Есуй атап өткендей, Қытайдың арттырылған қорғаныс бюджетінің ауқымды бөлігі қорғаныс саласына өткен жылдары жеткіліксіз құйылған қаражаттың орнын толтыру үшін бағытталған. Мәселен, қаражаттар негізінен жабдықтарды жаңғыртуға, әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ жергілікті әскерлердің өмір сүруі мен білім алуына бағытталған.
«Қытай бейбітшілікті мақсаттағы дамуды ұстануды жалғастыратын болады. ҚХР-дың қорғаныс саясаты қорғану сипатына ие, Қытайдың дамуы басқа ешбір елге қауіп төндірмейді», - деді ол.