Бекболат Тілеухан Сағадиевті тағы да «жекпе-жекке» шақырды
2018 ж. 27 ақпан
7093
43
Бүгін Мәжілісте орта білім мәселелеріне арналған отырыста Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті оқулық мәселесін талқылау үшін Парламентке шақырды, - деп жазды kaz.365info.kz.
Депутаттан бұрын Бекболат Тілеухан Мәжіліс мінберінен әке ретінде сөз алды. Азаннан кеткен баласын қас қарая көретін әке бытықы-шытықы бастауыштың білім жүйесін қатты сынға алды.
— Бала деген ойнауы керек қой. Үйірмеге баруы тиіс. Қосымша қабілетін жетілдіруі қажет. Ал біздің баламызда мұның түгі жоқ. Таңертең сағат 8:30-да кеткеннен үйге кешкі сағат 17:00 кезінде ауыр сөмкесін сүйреп әрең жетеді.
Одан соң артық бірдеме тапсыруға қорқасын өзін. Күресі, домбырасы бәрі-бәрі әдірем қалған. Жоқ, алып жатқан бір білімі болса жақсы ғой. Не ол жоқ.
Масқара болғанда, менің балам, 7 ай болды оқығанына, әлі әріптерді толық танып үлгермеген. Міне, 26-ақпанда «Ю» әрпінде жүр.
Ал стандарт бойынша, әліппедегі қаріп тануды қабілетті бала 22-24 күнде үйренеді, қабілеті жоқ деген бала ары кеткенде 60 күнде меңгереді. Қабілеті жоқ деген бала 3 айда үйренуі керек, ал біз 7 ай болды әрі әріп танудамыз.
Бұл қалай сонда? Ұқсам бұйырмасын» — деді ол, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Осы орайда Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің де баласы жаңартылған бағдарлама бойынша білім алып жатқанын, онда тұрған дәнеме жоқтығын айтып, ағынан жарылды.
«Менің балам қазір екінші сыныпта оқиды. Бірінші сыныпта сол әліппені оқыды. Бала оқығанда ата-ана ретінде өзің де сол кітапты оқисың. Сондықтан алдыңғы жылы әліппені мен де бірге өттім. Жаңартылған білім мазмұны бойынша балам аталған бағдарламамен тәлім алып жатыр. Осы орайда соншалықты қиын болды, бүгін оқи алмайды деп айта алмаймын», — деді Асхат Аймағамбетов.
Ал балалардың наурызға дейін әліппені оқып жатқаны типтік бағдарламаға байланысты көрінеді.
Күйіп кеткен Бекболат Тілеухан вице-министрдің сөзін бөлді:
«Жоқ. Маған мынаны айтшы. Менің балам теңертеңнен кешке дейін мектепте.
Неге біздің балаларымыз әке-шешесінің бауырында болмайды? Балалар ата-ананың жылуын көруі керек қой. Кеңестік кезеңде 10-желтоқсанда «әліппемен қоштасу» болатын. 1973 жылдың желтоқсанында Бекболат Тілеухан әліппемен қоштасқан. Ал наурыз таяп қалса да, менің балам әлі «Ю» әрпінде жүр. Ендеше типтік бағдарламаңыз қате.
Типтік бағдарлама өзгермейтін қасиетті кітап емес. Сондықтан оны өзгертейік», — деді.
Осы орайда депутат бұл мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Мәжіліске келуі керектігін атап өтті.
«Осы мәселеге министрдің өзі келсін. Парламенттің қабырғасында талқылайық. Талқылауға тәжірибе жүзінде жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді, яғни білімнің қамын ойлаған педагогтарды шақырайын», — деп түйіндеді сөзін Бекболат Тілеухан.