8-сынып оқушысын соққыға жыққан әкімнің үстінен іс қозғалды
2018 ж. 25 ақпан
3497
11
Ақмола облысында 8-сынып оқушысын соққыға жыққан Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаровтың үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аймақтық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Қорғалжын ауданының тұрғыны Айгүл Бекжанова фейсбук әлеуметтік желісіне А.Төлеубаев атындағы орта мектепте оқитын ұлы, 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соққыға жықандығы туралы жазған болатын. Онда зардап шеккен баланың анасы ұлының «миы шайқалған» диагнозымен Қорғалжын аудандық аурханасына, кейін Астана қаласындағы №2 ауруханасына жеткізіп, нейрохирургия бөлiмшесінде жатқанын айтқан еді. Бұл жазба көпшілік арасында наразылық тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары оқушыға қол көтерген әкімнің ісін қатаң сынға алды.
«Мұқан Диастың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Тергеу барысында Ж. Омаровтың əрекеттеріне құқықтық баға беріліп, жақын арада процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық істің тергелуі Ақмола облысы прокуратурасының бақылауына алынды», - деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты.