Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын
2010 ж. 10 ақпан
24617
0
Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ, - деген Назым Хикметтің жыр жолдары жалындаған жастардың жігеріне жігер қосатыны сөзсіз.
Жалпы біз, «жастар – болашақтың қожасы» деп оларға үлкен сенім артамыз және үміт күтеміз. Кешегі Мағжан ақын ізімен жастарға сенім артқан да дұрыс шығар. Бірақ, көбіне «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген ұлы Ахаңның сөзі көп адамның қаперіне кіре бермейді. Аға буын өкілдерінің базбірі жастардың болашағына үлкен үмітпен қарайтын болса, енді бірі қит етсе сол жастарды кінәлауға дайын тұрады. Осыдан келіп, оп-оңай пара беретін де жастар, ішімдік ішетін де жастар, нашақорлықпен әуестенетін де жастар, ұрлықпен айналысатын да жастар деген кереғар пікір оп-оңай қалыптаса салады. Яғни қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Рас, жоғарыда аталған дерттің бәрі де қоғамымызда бар. Әйтсе де, бес саусақтың бірдей болмайтынын біле тұра, мұның бәрін жастарға таңа салуға болмайды ғой.
Біздің қоғамда жастардың мәселесі шаш етектен. Оның бәрін түгелімен тізбектемесек те, негізгілеріне тоқталып өтуді жөн санадық. Егемен ел болғанымызға жиырма жылға жуықтағанымен, әлі күнге дейін жұмыссыздық дертінен айыға алмай келеміз. Жұмыссыздықпен күресу үшін, «Жол картасы» бағдарламасы жасалды. Осы бағдарламаның аясында былтырғы жылы 137 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
«Жол картасы» аясында жүзеге асырылып жатқан 4 мың 436 жобаға 137 мың 210 адам тартылыпты. Бұл дегеніңіз жоспарланған болжамның 54 пайызын құрайды екен. Мұндай жұмыс «Жол картасының» барлық бағыттары бойынша атқарылып отырған. Қош, бұл бағдарлама негізінде жанды жұмыс жүргізілді делік. Бірақ осы бағдарлама аясында жұмыс істейтін жастарға белгіленген жалақы мөлшері тым мардымсыз екені елге аян. Түптеп келгенде бір айға 15 мың көлеміндегі еңбекақы жастардың қай жыртығына жамау болады? Оның үстіне дәл қазіргідей нарық қыспаққа алған заманда.
Дәл қазіргі таңда, «Дипломмен - ауылға» жобасы қызу қолға алынып жатқаны белгілі. Осы жоба арқылы ұлтымыздың алтын қазығы – ауылды жандандыруға қомақты үлес қосылмақшы. Бұл жоба дер кезінде жасалды. Бұған да тәубе. Бұрындары үш жылды қатарынан ауыл жылы деп белгілегенімізбен, ауылға жөнді бетбұрыстың жасалмағанын көз көрді. Ендігі жерде жас мамандар оқуын бітіргеннен кейін аяқтан тозып жұмыс іздемейтін болды. Әсіресе, ауылдан білім іздеп келгендері, туған ауылын түлетуге күш жұмсаса құба-құп болар еді. Әзірге жібі түзу жоба деп танылып отырған «Дипломмен-ауылға» жобасының берер нәтижесін алдағы уақыт көрсетсе керек. «Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында» дейтін болсақ, сапалы білім беру мәселесін басты назарда ұстауымыз қажет. Осы тұста Елбасымыздың тікелей бастамашылдығымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік студенттерді шетелде оқыту мәселесі жолға қойылды. Бұған да біраз уақыт болды.
«Болашақ» дегенде, әттеген-ай дейтін жәйттер көп. Біріншіден, шетелде білім алып келген мамандардың елімізде белгілі бір сала бойынша қызмет атқарып, сол саланың дамуына үлес қосыпты дегенді естімегеніміз,көрмегеніміз өкінішті-ақ. Өзге елдің мәдениетін бойына сіңіріп келген болашақтықтардың базбірі өз еліне келгенде туған тілін де ұмытып кететіндігі жүрегіңді ауыртады. «Сүт бетіндегі қаймақтарды қалқып» алып шетелге оқытып, білімін жетілдіріп жатырмыз дегенімізбен одан ұлтымызға тиіп жатқан титтей пайданы көрмей жүргеніміз ұят-ақ! Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, жапондықтар шетелде білім алып келген жастарын қайтадан жапон болуға тәрбиелейді екен. Осы әдісті біз де қолдансақ, артықтық етпес. «Болашақ» бағдарламасының аты дардай болғанымен, жастарымыз шет мемлекетте жүріп тым «жаһанданып» келетіндіктен, отанға елге деген сүйіспеншілігін арттыра түскеніміз дұрыс. Осындай, кері кеткен бағдарламаны жүзеге асыру үшін де мемлекет қазынасынан қыруар қаржы жұмсалды, бәрі де құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Одан көріп жатқан пайдамыз да шамалы. Бармақты тістегеннен басқа шараң жоқ. Ендігі жерде болашақтықтарға шет елден келгеннен кейін міндетті түрде, өз елімізде қызмет атқаруы тиіс деген шарт қойған жөн.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі, тек жастардың ғана емес, бүкіл елдің басындағы проблема – тұрғын үй мәселесі. Осы мәселеге орай Алматы қаласында атқарылып жатқан істерге үңілетін болсақ, Алматы қалалық әкімшілігі 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы «Алматытұрғынүй» коммуналдық кәсіпорны ағымдағы жылы Алматы қаласы мен облысында 8,3 миллион шаршы метр немесе 10700 пәтер салуды жоспарлапты. Орта топқа арналған бұл пәтерлердің көлемі 80 шаршы метр болуға тиісті. Бұл үйлердің 1 шаршы метрі 56515 теңгеден жоғары бағаланбайды деп шешілді. Салынатын пәтерлердің саны артқанымен, оған қол жеткізу қиын. Тіпті қазіргі кезде тұрғындар арнайы бағдарлама бойынша үйлі болу дегенге сенбейтін болды. Тұрғын үй мәселесіне келгенде жастарға берілетін мүмкіндіктер аз. Қайда барсаң баспанасыз жүрген жас отбасыларды кезіктіресің. Үйі болмаған адамның күйі де болмайтыны белгілі. Өз елінде, өз жерінде үйсіз-күйсіз жүрген жастарды көргенде жаның ауырады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында үйлі болу үшін мемлекеттік қызметкерлерге басымдық берілген. Бұл тұрғыда ақыл айтудан аулақпыз әрине. Десе де, бағдарлама дегенді желеу етіп, азаматтарды алалаудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені бәрі Қазақстан атты мемлекеттің азаматтары емес пе? Бүгінгі күні өзгерген заман ба, адам ба ол жағын түсініп болмайсың. Әйтсе де ертеректе Мөңке би:
Кер замандар болғанда,
Құрамалы жинамалы үйің болады,
Айнымалы, құбылмалы биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Дүдамалдау дінің болады,
Алашұбар тілің болады, - деп жырлаған екен. Бұл жыр жолдары бүгінгі өмірдің айқын көрінісі екендігі анық. Кер заманның келгені болар, сан мың қазақтың баспанасыз жүргені. Билік басындағылардың құбылмалылығынан болар, елдің билікке сенуден қалғаны. «Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші қазіргі кездегі Парламенттегі, т.б. құзырлы орындарда өткізіліп жатқан жиындардың барлығынан халыққа пайда тиіп жатыр деу қисынсыз. Діннің дүдамаланғандығы болса керек, қазақтың қара көз ұл-қыздарының өзге діни секталардың жетегінде кетіп жатқандығы. Қазақ тілінің қадіріне жете алмай жүргендігіміз сол, орыс тілінің шырмауына шырмалып, тілімізді алашұбарлықтан арылта алмай келе жатқанымыз. Дана бабалар айтқан сөз расында да шындықтың шынайы бейнесі. Иә, не десек те жастар проблемасы таусылмас тақырып екені даусыз. Жастардан үмітті күте бергенше, ертеңгі күні ел үмітін ақтайтындай азамат болу үшін оларға жағдай жасау керек. «Ерім дейтін, ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» осы нақыл сөздің мән-мағынасын ұғына отырып, келешекте жастар ел қамын ойлар ер болуы үшін де, оларға мемлекет тарапынан белгілі бір қолдау көрсетілуі қажет. Ертеңгі күні Ұлы Абай айтқандай, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» демес үшін, ертерек бір игі бастама көтергеніміз жөн шығар.
Гүлмира САДЫҚОВА