Атырау облысында салафиттер рэкетпен айналысқан
2018 ж. 06 ақпан
3851
9
Атырау облысында ақша бопсалап алумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
"Осы жылдың 31 қаңтарында ҚР ҰҚК Атырау облысындағы департаменті жүргізген шаралардың нәтижесінде Атырау қаласында 2 жыл бойы Атырау-Астрахань, Атырау-Орал, Атырау-Бейнеу қалааралық және халықаралық бағыттарында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын тұлғалардың ақшасын қорқытып алумен тұрақты түрде айналысқан адамдар тобы құрықталды. Аталған бағыттарда 200-ге жуық автокөлік жүріп-тұрған. Ай сайын әр көлік жүргізушісінен алым-салықтың көлемі 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейін құраған", — деп жазылған хабарламада.
Ұсталған тұлғалар деструктивті бағыттағы дәстүрлі емес салафиттік ағымды ұстанғандары белгілі болды.
"ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 2 және 3 тармақтарына сәйкес, аталған қылмыс сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне да тіркелді. Топтың алты белсенді мүшесіне күзетпен қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды", — деп түйіндеді ҰҚК баспасөз қызметі.