Әкімдік есепшісі жұмысқа бармай-ақ жалақы алып жүрген

Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қарсақпай ауылының әкімі есепшінің жұмысқа келмей-ақ жалақы мен сыйақыларын алып отыруына жол берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті әкімшілік қызметкерлері әкімдік есепшісін жұмыста көрмейтін, бірақ есеп табелі бойынша ол күнде сегіз сағат «жұмыста отырған». Бұл мемлекеттік органдағы жоспардан тыс тексеріс кезінде әшкере болды.

«Тексеріс барысында әкім Нұрғазинов жұмысқа келмей жүрсе де есепшіге айлық жалақысын төлеп отырғаны анықталды. Ауыл әкімі мұнысын есепшінің компьютері әкімдіктен гөрі үйінде интернетке жылдам қосылатынымен түсіндірді», - дейді Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Департаменттің Этика кеңесі қызметтік тексеріс жүргізді. Кеңес мүшелерінің көпшілігі Ұлытау әкімінің басшылығында тәртіптік жауапқа тартуға ұсыну туралы шешім қабылдады.