Айта-Айта Алтайды...немесе тағы да көш қиындығы туралы
2010 ж. 10 ақпан
2467
0
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, өткен ғасырда аяқтамай қалған қазақтың көш тағдыры бүгінде әңгіменің арқауына айналып отыр. Соның ішінде тағдыр тәлкегіне мейлінше ұшырап, қандыбалақ жылдардың шылбырына көп сүйретілген қытайдағы қандастарымыздың жырынан көрі мұңы басымдау. Зар заман тұсында қан жылағын халықтың мына бейбіт күнде жаумай жасын түскендей қиын күнге ұшырауы, аждаһаның аузына түсермен болған сары ауыз балапанның ащы шырылындай ақырғы жанайқайы жүрегі еттен жаралған кісіні бей-жай қалдырмасы анық.
1991 жылдан басталған көш керуені алғашқы жылдарында талай жанды ыстық жүрек, тәтті сезіммен ата-жұртқа алып ұшқан еді. Сағынысқан ел мен жерге деген мауқымыз басылып, енді айналамызға ақыл көзімізбен қарай бастаған тұста санамызға тағы да кірбеңдік жұқтырдық. Жетім бала кекшіл дегендей сыртта жүріп суық бауыр болғанымыздан шығар, ағайынның «аламын деп емес, беремін деп келіңдер» дегені көзін алайтқандай көрінсе керек. Шамасы қаны жақын көршіден естіген көлеңкелі сөз көңілсіздік бағыштап, қағазбастылығы қарнымызды ашырып, қадырымызды қашырғандай болды-ау деймін. Сөйтіп елге ел, жағаға жең қосыла бастағанда кері көшкендердің қылығының көкейге жақпай қалғаны да шын. Дегенмен кімді кінәлаймыз? Шақырған қазақ, келген қазақ, ыстық құшағынан шығарып алған қазақ! Қытайдан ата-жұртқа келген ағайындардан 100-ге тарта отбасының кері көшіп кеткені осынша ойларға барғызып отыр.
Ендеше ол жақтан көшіп келемін деуші ағайынға кедергі неден болып отыр деген сауал тағы да туындайды. Ең әуелі ол жақтағы ағайынның қандай жолмен келетіндігіне азырақ тоқтала кетейік. Қытай азаматтығындағы қандастарымыздың қолында шетелге шығу төлқұжаты болмағандықтан, төлқұжат жасау үшін қытай жағы Қазақстаннан шақыру қағаз талап етеді. Шақыру қағазы көбінше туысқандық (жеке сапар) және университет жағынан оқуға шақыру, көші-қон шақыруы секілді түрлерге бөлінеді. Соның өзінде қытай жағының шектемесіне байланысты жеке сапармен келемін деушілердің 16 жасқа дейінгі оқу жасындағы балаларына төлқұжат жасалмайды.
Қытайдағы қандастардың төлқұжат мәселесін шешуге сыртқы істер министрлігі тікелей әсер жасай алмаған жағдайда, біз Қазақстан тарапынан жіберілетін шақырулардың жеңілдікпен жасалатын жолын қарастыра алсақ ол жақтағы ағайынға аз да болса септігі тиер еді. Нақтылап айтқанда «қатып қалған» жүйеге өзгеріс енгізе отырып, ішкі істер органдары шетелдегі кез келген қазақ азаматын шақыруда қағазбастылық немесе көп уақыт ұстаушылық сынды керанау көзқарасты күшіненқалдырып, кеңқолдық жасағаны жөн дер едім.
Қазіргі сақталып отырған мәселелерге талдау жасағанда шақыру жасаудың соншалық көп әуре-сарсаңының кесірінен оның жалғаннан жасалған түрлері базарға түсті. Құқық қорғау орындары қаншама қадағаланғанымен шетелдің бүгінгі товарын ертесі жасап, Қазақстанға кіргізіп жатқан «қытыкеңдерге» бұл түк те емес. Бір қарағанда сол жалған дүниелер арттағы ағайынның осында келуіне азда болса көмегін тигізіп жатқан жағдайы бар. Шын мәнінде ұлты қазақ емес өзге ұлт өкілдерінің де жерімізге кіруіне, қазақтар игіліктене алмаған жақсылықтарға қол жеткізуіне де жол ашып беріп жатқан сондай жалған құжаттар екенін де жасыра алмаймыз. Ендеше ішкі істерге қарасты әділет басқармалары ұлты қазақ барлық адамға қай түрдегі шақыру болмасын оны ең оңай жолмен тез арада жасап беріп, «өзімізді өзіміз сыйлағанда ғана, жат жанынан түңілуі» мүмкін. Сонда ғана көген көз қазақтардың жанарының шөлін қандырып, жанына сусын сыйлай алатын болсақ керек.
Ал, төлқұжат жасалғаннан кейін ондағы қандастар виза алу үшін Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне барады. Жеке сапарға виза алу бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір оңайласқан түрі бар. Алайда саудаға түскен кезекке тұрғызу мәселесі немесе делдалдармен «бармақ басты, көз қысты» жең ұшы жалғасып, визаны саудалауы әлі де сақталып отыр. Әсіресе Үрімжі сынды ірі қалаларда тұратын зиялы қауым өкілдері мен өзге ұлттың қалталы азаматтарына тезірек қолғабыс жасайтын ондағылар қыр қазағының қалтасын қағуға келгенде жоқ сұмдықты ойлап табады. Ал көші-қон шақыруы үшін виза сұраушы қандастарымыздан Сыртқы істер министрлігінің (Астана қаласынан) шақыруға мөр басқан визалық факсын сұратады. Факсты Қазақстан тарапы оңайлықша жібере салмайды.
Көшіп келушінің қазақстандық өкілі соңынан түскен жағдайда жарты жылдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Онсызда жілік майы үзілермен болып отырған отбасылар, жеке шаруашылығын қайырып қойып, бір жыл қағазбен жүгіргенде ендігі жерде тырбануға шамасы келмей қалады. Қалт-құлт етіп Қазақстанға жеткенде мұндағы ағайын «аузына ас салып бермесе» жығылып түседі. Мұндағы қағазбастылықтан есін жимақ түгілі еселаң болуға дейін барады. Немесе «қайыршы қазақ болғанша, қарны тоқ қытай болайын» деген ойға келіп, аттың басын кері бұрады.
Олай болса сыртқы істер құзырындағы Қытайдағы елшілік және оның Үрімжі бөлімшесі ұлты қазақ адамдардың көшіп келуіне визалық кедергіні түбегейлі шешкенде ғана олардың алдындағы бір кедергі алынып тасталған болар еді.
Кеден мәселесіне келгенде жақын күндерден бергі Қытай жағының жолаушылардың артық жүгі үшін ақша сұрайтындығын айтпаған күннің өзінде қазақстандық кеденнің кеңірдегі де зорайып тұр. Біздің сырымызды жақсы біліп алған қытай немесе өзгеде ұлт өкілдері кеденге келгенде не төлқұжатының арасына не бармағының астына теңге қыстыра келеді. Кезекте тұрған оларды «біздің жігіттер» оп-оңай теріп алады да, кеденнен «қарғытып» өткізеді. Ал «қалтасы тесік» өз бауырлары кезекпен шаршайды. Немесе алып жүрген жүктері үшін ақша төлеуге мәжбүр болады. Сыбайлас жемқорлық немесе қалтарыстағы қалта қаққыштар туралы айтқанда құқық қорғау органдарының қатаң қадағалауынан сырт Алматы, Өскемен, Талдықорған секілді түйінді қалалардан Кедендік және басқада кедергілер туралы. арыз-шағым қабылдайтын арнайы кеңселер құрылғаны жөн болар еді. Ақша үшін арын сататын алапестерді ауыздықтағанда ғана ағайынның алғашқы қадамы атамекен топырағына алаңсыз тиіп, өз елі мен жерінің махаббатына бөлене түскен болар еді.
Енді бір қызығы, (қызығы емес «шыжығы») Қытайдың Санжы, Тарбағатай (әсіресе Шәуешек, Шағантоғай) жерінен келген ағайындарға қытай жағы фамилия жазбайды екен. Фамилиясы болмаса Қазақстанда аттап баса алмайсыз. Фамилия өзгерту үшін Қытай жағындағы бұрынғы тұрған жеріндегі тіркеліп тұрған орнының анықтамасы мен Қытайдың ішкі істер органының рұқсаты керек. Оны алдыру үшін көшіп келген оралман отбасы Қытайға барып, тағы да сарпалдаңға түсуі қажет.
Қытай жерінде туу туралы куәлік тек қана 1995 жылдардан кейін ғана беріле бастағанын ескерсек, бұл да оларды қиындыққа итермелеуден басқа дәнеңе емес.
Бұл мәселені шешуде ұлты қазақ үш-төрт адамның заңдық куәландыруын негіз етіп, қолма-қол шешуді қабылдаған жағдайда олардың әуре-сарсаңына азда болса көмек жасаған болар едік. Мейлі көшіп келуші, мейлі жеке сапармен келіп тұрақты тіркеуге тұрушы болсын, келген қазақтың тұрақты тіркелетін орын таба алмай сандалуы да аянышты жағдайдың бірі. Әсіресе Еуропа елдерінен келетін аз қазақтар үшін бұл тіптен қиын.
Келген оралмандарды тіркеуге алатын немесе тіркеуіне анықтама беріп отыратын арнайы орган болғанда немесе бейімдеу орталықтары осы міндетті қосымша мойнына алғанда ғана бұл шараны жеңілдетудің мұмкіндіктері туады деп ойлаймыз. Тек ұлты қазақ болса болды оған тұрақты тіркеу жасаудың ең оңай жолы қарастырылғаны жөн болар еді.
Ал, азаматтыққа байланысты кейде құжатбастылық, кейде азаматтығы тез шықпай бір жылға дейін күтетін жағдай адамдардың жүйкесін жұқартады.
Ұлты қазақ адамдарға азаматтық беру жарты жылдан аспауы керек. Қытай мен Қазақстан арасында ешқандай көші-қон, еңбек, білім туралы келісім-шарт жоқ. Қазақстан жағындағы құзырлы органдардың ауызша жауабына сенсек, бұл істер жөнінде Қазақстан жағы Қытайға қаншама хат жазғанымен олардан жауап болмаған көрінеді. Қытайдан келгендердің зейнетақы мәселесінің әлі күнге дейін шешілмеуі де талай жанның қабырғасын қайыстырып келеді. Зейнет жасындағы аталар мен апалар не бары 4500 теңге мөлшеріндегі тұрмыстық қосымшаға ғана қол жеткізе алады екен. Еліміз егемендік алғалы өмешегі үзілермен болып, ата-жұртқа оралған талай қариямыз сол нәпақаларды ала алмаған күйде кебінін орануға әзер ғана шамасы келіп, арғы дүниеге аттанып кетті. Көші-қонның балдық жүйесіне байланысты жоғары білім иелеріне квота тез беріледі деген ұғым бойынша ол жақтан көшіп келушілердің жалған құжат жасатуы көбейіп барады. Анығырақ айтқанда туу туралы куәлік, жоғары білім дипломы, әр түрлі сыйлық-марапат қағаздарының барлығын қытай ағайындары жасаған жалған куәлікпен толықтырып жүр. Шын мәнінде оған итермелеп отырған өзіміз. Қытайдан келген студенттердің материалдар мен (оқулықпен) қамдалуында да қиыншылық көп екен. Университеттер көп жағдайда материял табуды өздеріне сілтейді. Бірақ жаңадан келген студенттер оның қыры-сырын білмейтіндіктен басы қатады. Және де қытай жағының дипломын анықтату дейтін әуре тағы бар. Кейде өзің тұрған елден болмаса Астанадан дипломның шын-өтірігін анықтатып кел деген әлекпен табанынан таусылып жүргендерде аз емес көрінеді. Алыстағы ағайынның көңіліне жылы шуақ сыйлай бастаған «Нұрлы көш»-тің де басы таудай болғанмен, аяғы қылдай боларма деген алаңдаушылық та жоқ емес. «Нұрлы көш» - ке байланысты Қытай мен Еуропа елдеріндегі қандастарға қаратқан жоспарлы бағдарламаның болмауының өзі әр іске сындарлы көзбен қарап отырған зиялы қауымға күдік тудыра бастаған түрі бар. Шын мәнінде біз қандай жағдайда болмасын келмекші қазаққа емес, келген қазаққа қана иелік етумен шектеліп жатамыз. Ал соның өзінде көші-қонның қоржынына түскен азғантай сома талайдың қызғанышын қоздырып, үлкен-үлкен әңгімелерге арқау болып жатады. Бұл жұмысқа тікелей араласу үшін Қытайдағы қазақ елшілігі ондағы қазақтар үшін арнайы жұмыс істегені оң болар еді. 1955-1956 жылдар және 1962 жылғы Қытай қазақтарының Қазақстанға көшіп келу тәжірибесіне негізделгенде ондағы қазақтар үшін Кеңес одағының Үрімжі, Құлжа, Шәуешек, Алтай қалаларындағы елшіліктерінің жұмыс істегені белгілі. Олар әуелі кеткісі келетіндерді тізімге алған және кеңес азаматтығындағыларды еліне қайтару және олардың құжатын жеңілдету деген атпен жұмыс жасаған.
Бүгінгі саясат бұрынғыдан мүлдем басқаша болса да жергілікті орындармен сәйкесе жұмыс істейтін қазақстандық өкілетті орындардың керектігін түсіндіреді. Мүмкін сыртқы істер министрлігінің құзырлығында жұмыс істейтін немесе
Мәдениет министрлігінің құзырында жұмыс атқаратын мәдени орталық болу қажеттілігін ұқтырады. Тіпті болмаса еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құзырына кіретін, Қазақстанға еңбек күштерін дайындайтын орталық құрылғаны да жөн шығар. Бәрін айт та бірін айт, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – алыстағы ағайынның отанына оралуына шын жанашыр бола алсақ, шешілмейтін мәселе болмасы анық. Жүрекпен жұмыс істеп, қандастарымызға деген мейір-шапағатымызды оятқанда ғана отанымыздың ортасы толып, ордасы тұлғалана түсер еді. Ел ертеңі біздің бірігуімізді, қазақ елінің құдіретті елге айналып, ұрпақтарына мақтана қарауын қажет етеді.
Көшімізді жол ортаға доғарып, көршілердің күлкісі мен табасына қалмайық, ағайын!
Жәди ШӘКЕН