Қазақстанның ақыл-ой орталықтары жаһандық сарапшылық жүйеге қосылды
2018 ж. 30 қаңтар
5195
0
Бүгін Назарбаев орталығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының рөлі» атты конференция өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі.
Шара ақыл-ой орталықтарының халықаралық Бағдарламасы мен Пенсильвания университеті (АҚШ) жанындағы Азаматтық Қоғам аясында өткізілді.
Алғаш рет Қазақстанның аналитикалық ұйымдары мен зерттеу институттары жыл сайынғы жаһандық форумға қатынасты.
Қаңтардың 30-күні әлемнің 100 қаласында, олардың қатарында енді Астана да бар, түрлі шаралар бір уақытта ұйымдастырылды.
Қазақстандық саясаткерлер, экономистер, әлеуметтанушылар, құқықтанушылар, тарихшылар мен түрлі саладағы сарапшылар еліміздегі ақыл-ой орталықтарының жұмысы мен дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Еуразиялық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Руслан Изимов ӘЭСИ жұмысын таныстыра отырып, «ақыл-ой орталықтарының» сыртқы саясаттың қалыптасуына қалай әсер ететіндігі туралы айтып өтті.
- Бүгінде әлемде аналитикалық құрылымдардың рөлін қайта бағалау жүргізілуде. Бұл әлемдегі оқиғалардың жиілігімен тікелей байланысты. Егер осыдан он жыл бұрын әлдебір трендтің қалыптасуы мен дамуы үшін 8-10 жыл қажет болса, қазір мұндай оқиғалар 2-3 жылдың жүзінде пайда болып, жоғалуы әбден мүмкін, - деді Р. Изимов.
Сарапшының сөзінше, әлемдік уақыттың жылдамдығы мемлекеттік институттардың дайындық деңгейін арттыру мен бұл оқиғаларды дер кезінде бағалап, қажетті шешімдерді қабылдау мүмкіндігін талап етеді.
- Бұл бағытта сарапшы-аналитикалық құрылымдардың жұмысы өте өзекті болып табылады. Мысалы, ӘЭСИ 15 жылдың жүзінде саяси салдау нарығында көш бастап келеді, - деп атап өтті Р. Изимов.
Жалпы, конференцияға қатысушылар мәселелерді талдау мен сарапшылар қауымдастығының дамуы үшін осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру керектігін алға тартты.
Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, халықаралық консалтинг ұйымдарының өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, Қазақстанның жетекші сарапшылары мен аналитикатері қатысты.