Қазақстанда жол салудың стандарттарын өзгерту ұсынылды
2018 ж. 17 қаңтар
2735
2
Парламент Мәжісінің депутаты Ерлан Барлыбаев Қазақстандағы қалааралық тас жолдарды тың стандартпен қайта салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарт.
«Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, автокөлік жолдарының стандарттарын қайта қарауды ұсынамыз. Бетонды негіздегі жолдардың барлығын технологиялық асфальтты қабатпен жапқан дұрыс. Сонымен бірге, қауіпті саналатын бұрылыстар, өр мен еңіс жолдарды мақсатты түрде резеңке ұнтақпен жапқан абзал. Резеңке ұнтақтарын утилизациялық зауыттардағы ескі автокөліктердің қалдықтарын пайдалануға болады», - деді Ерлан Барлыбаев ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына жолдаған депуаттық сауалында.
Барлыбаевтың пайымынша, аталған ұсыныс Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында белгіленген «жасыл» технологияларды енгізу мен қатты қалдықтарды жою міндеттерімен үндеседі. Депутат өз сөзінде бетонды жолдар қыста қатып қалып, тайғанақ әрі жүруге қауіпті жағдайда болатынын айтады.
«Мұндай жолдармен әсіресе күз және қыс мезгілдерінде жүру бетонды жабындының бірқатар кемшіліктерін анықтап берді. Нақтырақ айтқанда, суық түскен кезде мұндай жолдар сырғанаққа айналып шыға келеді. Егер Еуропада бұл жабынды айтарлықтай ыңғайлы десек, климаты шұғыл-континентальды Қазақстанда жолдардың осындай ерекшеліктері көптеген жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатады», - дейді ол.
Депутат сонымен қатар, жолдың тайғанақ күйге айналуы себепті Астана - Щучинск, Астана - Қарағанды, Алматы - Қапшағай секілді жаңа жолдардың өзінде көптеген жол апаттары тіркелетінін атап өтті.
«Көкшетау- Кішкенекөл және Алматы облысы Райымбек ауданындағы Жалаңаш- Көлсай жолында резеңке ұнтақтары қосылған асфальты сыналып жатқаны белгілі. Осы технологияны бұдан да жоғары дәрежеде енгізіп, халықаралық және республикалық тас жолдарда аталған стандартты бекіту дұрыс деп ойлаймыз», - деді депутат.