Қазақстан мен АҚШ: Серіктестіктің жаңа кезеңі
2018 ж. 17 қаңтар
2306
4
Ағымдағы жылдың 16 қаңтарында басталған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын сәтті деп айтуға болады. Қазақстан мен Америка президенттерінің жеке кездесуі екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас тарихының жаңа парағын ашып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты Назарбаев сапарының үш артықшылығын атады. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Біріншіден, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті орнату туралы ортақ саяси шешімдер қабылданды. Бұл биылғы жылы 26 жыл толатын екі ел арасындағы жемісті серіктестік одан әрі тереңдей түсетінін білдіреді.
Астана үшін Вашингтон сыртқы саясаттағы негізгі серіктес әрі экономикадағы маңызды инвестор болып табылады. Өз кезегінде, Дональд Трамп атап өткендей, Америка қуатты, дербес және тәуелсіз Қазақстанды АҚШтың Орта Азиядағы сенімді досы әрі стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады.
Бұл жерде экономикалық мәселені де атап өту қажет. Келіссөз қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Мемлекет басшысы жалпы сомасы $7,5 млрд асатын 20 келісімшартқа қол қою көзделгенін атап өтті. Астана АҚШпен жоғары технологиялар мен инновациялық өндірістер трансферті бойынша байланысты дамытуға мұқтаж екені жасырын емес. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңа келісімдер Қазақстанға экономикадағы «цифрландыру» мәселесін жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады.
Екіншіден, Д. Трамп пен Н. Назарбаев АҚШ пен Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту бойынша ортақтаса әрекет ететіндіктерін растады.
Бұл Қазақстан мен АҚШ күштерін Ауғанстан бойынша біріктіруді білдіреді. Сонымен бірге, Қазақстан антитерроризммен күрестегі АҚШтың табандылығын қолдайтынын мәлімдеді. Екі ел басшылары солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұмыс істейтіндіктерін де атап өтті.
Үшіншіден, Қазақстан мен АҚШ «С5+1» аймақтық диалог алаңы аясындағы серіктестік дамыту туралы келісімге келді. Бұл тұрғыдан алғанда аталмыш алаң жұмысынан жаңа бастамалар күтуге болады.
Жаңа әкімшілік өз жұмысын бастап, Д. Трамптың «Алдымен Америка» деген ұран тастағасын Орталық Азияда Вашингтонның аймаққа деген қызығушылығының төмендеуі туралы көп айтылды.
Алайда, Н. Назарбаевтың сапары мен оның Д. Трамппен кездесуі аймақтың Вашингтон үшін жоғары деңгейде тұрғанын көруге болады.