Назарбаев: Қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны қазіргі заманға лайықтауымыз қажет
2018 ж. 10 қаңтар
4334
13
- Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек, - деді Елбасы өз Жолдауында.
Сондай-ақ, Н. Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесіне де тоқталып өтті. Президентті сөзінше, латын әліпбиіне көшу жоғары аталған терминология мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.
Елбасы, сонымен қатар, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасауды тапсырды.
Үштілділік тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы алдағы жылдары еліміздің мектептерінде ағылшын тілінде жекелеген пәндер оқытыла бастайтынын атап өтті.
- 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады, - деді Назарбаев.
Атап өтейік, бүгін республикалық басылымдарды ҚР Президенті Н. Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдаудың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар:
http://www.qazaquni.kz/2018/01/10/80191.html