«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы тағайындалды

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылатын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Ербол Шорманов Ұлттық компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ұлттық компания ұжымына жаңа басшыны таныстырып, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ алдағы уақытта өз жұмысын жалғастырып, жауапкершілігі мол міндеттемелерді жүзеге асыратын болады. Биыл цифрлық Қазақстан бағытындағы маңызды элементтердің бірі - «Астана» халықаралық қаржы орталығы және IT-стартаптар технопаркі өз жұмысын бастауы тиіс», - деді министр.

Е.Шорманов 2015 жылғы 20 тамыздан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін басқарма төрағасының міндетін атқарушы қызметін атқарды.

Айта кетейік, Шорманов Ербол Әлімқұлұлы 1968 жылғы 20 тамызда дүниеге келген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ербол Шорманов еңбек жолын 1991 жылы ҚР Кеден органдарында бастап, 2005 жылға дейін қызмет етті.

Ұлттық компанияға дейін, Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымында шаһардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, экология, энергетика, өнеркәсіп, сауда, шағын бизнес, санитарлық-эпидемиялогиялық ахуал мәселелерін қадағалады. Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімі аппаратына, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментіне жетекшілік етті.