Қарақшылар қолға түсті

          d0bcd0b8d0bbd0b8d186d0b8d18f-2  

          Бүгінгідей дағдарыс дендеген заманда, ұрлық, қарақшылық шабуыл жасау сынды әрекеттер күн санап көбейіп келе жатыр.Жуырда Алматы қаласында қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен Оңтүстік Қазақстан облысының екі бірдей тұрғынының қолға түсуі де осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенетін болсақ, қарақшылардан жәбір көрген азаматша тез арада Алматы қалалық ІІД жедел басқару орталығына хабарласқан. Жәбірленуші аз ғана уақыт бұрын Шәріпов пен Шевченко көшелерінің қиылысында өзіне бірнеше белгісіз адамдар тапанша көрсету арқылы қорқытып ақшасы мен құжаттарын тартып алған. Жәбірленген әйел қарақшылардың өзіне 600 мың теңге көлемінде залал келтіргендігін айтқан.

           Оқиға орнынан табылған тәртіп сақшыларына әйел 30-35 жас шамасындағы қарақшылардың азиялық текті, қара түсті киім кигендіктерін жеткізген. Ақпаратқа сәйкес жедел түрде іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктілерді жақын маңнан қолға түсірді. Жәбірленуші әйел де оларды танығандығын айтыпты.

        Тәртіп сақшылары айғақ ретінде үш резеңке оғы бар жарақаттағыш тапанша мен ақшаны тәркіледі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, ұсталғандар Оңтүстік Қазақстан облысының 27 жастағы тұрғындары болып шықты. Екі жігіттің де Алматы қаласында тұрағы жоқ екен. Тұрақты түрде еш жерде жұмыс жасамаған. Ендігі жерде күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 179-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуда.

 

Дайындаған

 Гүлмира САДЫҚОВА